Ұлт мұрасына құрмет: тазы төрге шыққан күн

Ұлт мұрасына құрмет: тазы төрге шыққан күн

Күнтізбеде ұлттық ит тұқымдарына арналған жаңа мереке пайда болды. 3 қыркүйек – Қазақ тазысы мен төбеті күні. Осыған орай Қостанайда мәдени іс-шара өтті. Жиылған жұрт танымал тележурналист Гүлжібек Бекмұхамедованың қастерлі жануар туралы деректі фильмін тамашалады. Араға арнайы әкелінген тазымен жақын танысты.

Суреттегі тазының аты – Жамбыл. Бүгін ғана қойылып отыр. Бұл атаудың берілуіне себеп те бар. Қазақы ит қала маңындағы Жамбыл ауылынан табылған. Көлік қағып кетіп, жол үстінде қансырап жатыпты. Жергілікті тұрғындардың хабарлауымен экобелсенділер алып кетіп, арнаулы панажайға орналастырған. Сол жерде емделіп, әлі күн асыралып келеді. Иесінің кім болғаны беймәлім.blank

            «Қазақ үшін қасиетті саналатын жануарды кімнің қараусыз қалдырғанын білмейміз. Қалай елеусіз қалғанын түсінсек бұйырмасын. Бастысы, бүгінгі жай-күйі жақсы. Ескі жарақаттары жазылып, шауып кетті. Қамқорлық жасалып отыр. Енді оны асырап алатын жақсы жан табылса, нұр үстіне нұр болар еді. Оның бар ғұмыры панажайда өтпеуі керек қой», – дейді экобелсенді жастар.

blankӨзі тіл алғыш, ақылды, мейірімді жануар екен. Жан-жағынан қаумалап, жақын барған жұртты жатырқамай, еркелей қарап, басынан сипатып, естелік суретке түсуден де қашқан жоқ. Тіпті сахналық іс-шараға көпшілікпен бірге бастан-аяқ қатысты. Жалпы, тазының адам баласына үйірсек келетіні әлімсақтан белгілі ғой.blank

            «Тазы өсірумен айналысатын адамдар «ит деп айтуға болмайды» деп, әжептәуір өкпелеп қалады. Өйткені оны қазақ әуелден кәдімгі иттен жоғарырақ бағалаған ғой. Оны біздің жер үстіндегі періштеміз деуге болады. Оны Алла тағала ұлтымызға «айнымас досы болсын» деп арнайы жібергендей көрінеді. Бізді өмірде сын-сәтте сүйіктің, досың, балаң –кім-кім де сатып кете алуы мүмкін. Ал тазы мәңгілік адал, сатпақ түгілі құрбан болуға бар», – дейді деректі фильмі үшін тазыны терең зерттеген Гүлжібек Бекмұхамедова.

blankТазының қазақтікі екені халықаралық деңгейде мойындалып жүрсе де, әлі күн «біздікі» деп өздеріне бұра тартып жүрген елдер аз емес. Көлденеңнен килігіп, кім көрінген сырттай иемденіп кетпеуі үшін тазыны ұлт болып қорғауға әлі де мүдделіміз. Ол халқымызға, жас ұрпаққа тазымыздың қаншалықты қастерлі екенін насихат етуден басталса керек. Гүлжібек апамыздың «Тазы» атты деректі фильмі – осы мұраттан туындаған еңбек.blankblank

            «Маған елордадағы «Nomad» клубынан хабарласты. «Апай, дау-шар тыйылмай жүр. Бізге тазының қадір-қасиетін жұртқа терең сезіндіретін ерекше бірдеңе жасап беріңізші. Біз қалай да тазыны жоғалтып алмауымыз керек!» – деді. Содан он ай уақытымды арнап, осы фильм үшін тер төктім. Продюсері де, авторы да өзім. Бұл – тазы тақырыбындағы бірегей жоба. Дәл бүгін Қостанайда ғана көрсетіліп отыр. Өйткені авторы осында тұрады ғой. Алдағы уақытта бүкіл елге насихатталады», – дейді белгілі теледокументалист.

blankБірақ автор бұл деректі фильмді жоғарғы жақтың көргеніне сенімді. Өйткені, өзінің айтуынша, қозғалыс, қам-қарекет ширай түскені байқалады. Оған, біріншіден, «Тазы» деген купюра жарық көргені, екіншіден, елгезек азаматтардың халықаралық деңгейде оны қорғауға шыққаны дәлел. Үшіншіден…

            «Үшіншіден, көп ұзамай біз «Тазының отаны» деп таныламыз, қазақтікі екені мойындалады деп үміттенемін. Ол үшін қасиетті қазынамызды өзіміз жете танып-білуіміз керек. Өзің төбеге көтеріп қастерлемейтін дүниені өзгелер сенікі екен деп мойындай ма? Олардың тұқымының азайып бара жатқаны да жанды ауыртатын мәселе. Сондықтан осының бәрін жастар қауымының жетесіне жеткізуді мақсат еттік», – дейді Гүлжібек апай.

blankСөйтіп, іс-шараға келген көпшілік «Тазы» деректі фильмін тамашалады. Жануарға қатысты аңыз, қазақ үшін қастерлігі, тазыға деген қазіргі көзқарас, кесе-көлденең мәселелер – бәрі-бәрі бір материал аясында астасып жатыр. Жылға жуық уақыт дайындалған туынды расымен де мазмұнды шығыпты. Оны көрермен де жоғары бағалап, алған әсерлерін толқыныспен бөлісті.blankblankblankblank

Деректі фильм авторының сөзімен айтсақ, адам – тазы үшін ғаламның орталық нүктесі. Егер оған тіл бітсе, біз туралы өзіміз сезінбес біраз нәрсені айтар ма еді. Жанқияр адалдығын ақтарып жеткізер ме еді. Ал біз өзіміз Алла аманаттаған досымызға қаншалықты адалмыз? Жат қолына беріп қоймауға намысымыз жете ме? Ойлантарлық сұрақ… Әлбетте, Қазақстан тазы тұқымын сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмысын Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ілгерілете бастағанын мойындау керек. Арнаулы мерекенің белігенуі де оған деген құрметіміздің жарқын көрінісі.blankblank

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ