Облыста егін орағы қызу жүріп жатыр. Мәселен, Алтынсарин ауданында науқан аяқталар күн алыс емес. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов қырман басында жергілікті диқандармен кездесті.
Алтынсарин ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Темте» ЖШС. Меншігінде 15 мың гектар алқап бар. Оның 7 мың гектарында бидай, қалғанында дәнді-бұршақты және майлы дақылдар өседі. Мұндағы егін ору жұмысының көбі бітіп, азы қалған.

«Жиын-терімге тамыз айның алғашқы он күндігінде кіріскен едік. Бұйырса, он-он бес күн айналасында жұмысты толық аяқтаймыз. Орта есеппен алғанда, шығым гектарына 18 центнерден айналып жатыр. Биылғы күн райы қолайлы болды. Тек өткен бір жолғы айырықша аптап ыстықтар алдын ала жорамалымызға аздаған нұқсан келтірді. Әйтпесе центнер қазіргіден әлдеқайда көбірек болар ма еді. Бірақ бұл да, шүкір-тоба, олқы олжа емес», – дейді «Темте» ЖШС директоры Сапабек Хамит.
Кәнігі диқан мемлекет ұсынған жеңілдік пен игіліктің қай-қайсысын да көріп отырғанын айтады. Лизинг арқылы техникасын жаңартқан. Соңғы үлгідегі комбайндар алғы сапта жүр. Субсидия бағдарламаларын тұрақты пайдаланатыны екі бастан түсінікті. Үкіметтің қолдау-демеуіне серіктестік басшысы дән разы. Өзі жетпіс қаралы адамды жұмыспен қамтып отыр. 
Жалпы, Алтынсарин ауданында биыл 260,2 мың гектар танапқа дән егілген. Оның 157 мың гектарға жуығы – астық, ал қалғаны майлы дақылдарға тиесілі. Осы күнге дейін 112,7 мың гектар алқапқа орақ түсіп, 144 мың тоннадан астам астық бастырылыпты. Сондай-ақ 17,5 мың гектар танаптан 12 мың тоннаға жуық майлы дақыл жиналған. 
«Басты мақсат – шығымды шығынсыз жиып алу. Мемлекеттің орасан зор қолдауы ақталуы керек. Мемлекет басшысы айтқандай, жұмсалған әр теңге әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қайтарымын беруге тиіс. Міндетіміз – өндіріс көлемін арттыру ғана емес, дақылдар өнімділігін ұлғайту және өсірілген шикізатты өңдеумен айналысу. Бұл ретте мал шаруашылығын дамытуды да ұмытпауымыз қажет. Демек, бұл – ауылда жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары пайда болуы керек деген сөз. Нәтижесінде тұрғындардың тұрақты табысы болмақ», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, облыс көлемінде осы жылы 5,7 млн гектар жерге тұқым себілді. Оның 4,3 млн-ы – бидай, 1,1 млн гектары – майлы дақылдар алқабы. Орақ науқаны барлық өңірде қызу жүріп жатыр.
Толығырақ газеттен оқи аласыздар.
Жандос Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
