Қостанай облысы мектептерінің 9, 11 сынып оқушылары өңірдің 6 жоғарғы оқу орнының және 14 колледждің өкілдерімен кездесті.
Іс-шараның өтуіне облыс әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы және Қостанай облысы бойынша “Жас Отан” Қоры” мен Қостанай облысының Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болды.
Жастар сарайында өткен “Менің мамандығым – менің болашағым” атты кездесудің негізгі мәні – мектеп бітіруші түлектерге кәсіби бағдар, кеңес беру. Өйткені, Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Гүлбарам Төлебаеваның айтуынша, студенттердің көбі 3, 4 курсқа келгенде мамандық ауыстырады, не болмаса оқуды тастап кетеді екен.
– Соңғы үш жылда жүргізілген сараптама нәтижесіне сүйенсек студенттердің оқудан шығып кету жағдайы жиіліген. Бұл талапкердің өз қалауымен сол мамандыққа түспегенін білдіреді. Сол себепті мектеп кезінен бала өзін қай мамандықта көре алады, соны таңдауы керек. Бізде көбіне ата-аналар араласады. Ол қате. Жанына жат мамандықта оқыған бала жақсы маман бола алмайды. Осыны ата-ана түсінуі керек. Әр баланың өзінің икемі бар іс болады, үлкейген шақта сол бағытқа жөн сілтеп жіберсе кейін өкінбейді, – дейді Гүлбарам Төлебаева.
Бағдаулет Тараз қаласының тумасы. Қазір А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің математика және статистика мамандығының 1-курс студенті. Айтуынша, ата-анасы баласының туған қалада білім алғанын қалаған екен.
– Ата-анам Тараз қаласында қалдырғысы келді. Үгіт-насихат жұмысымен әр өңірден келгендермен кездескенде Қарағандыдағы оқу орынға түсем деп жобалап жүрдім. Оған ҰБТ-дан алған балым да жеткілікті еді. Кейін оқу орындар тізімін қарап отырғанда Қостанай облысы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ атауын көрдім. Ары қарай сұрастыра келе, оқу орынның оқытушысына жолығып, ақпарат алып, осы өңірге оқуға түстім. Мемлекеттік грантқа оқимын. Білім беру сапасы жоғары. Білікті, білімді оқытушылар бар. Бірінші курс студенті болсам да 3 курс студенттерімен ғылыми жобада сайысқа түсіп, үздік бестік қатарынан көріндік, – дейді математика және статистика мамандығының 1-курс студенті Бағдаулет Сапақов.
Мұстафа мен Дәулет қала іргесіндегі Заречный кентіндегі мектептің 11–сынып оқушылары. Екеуі де арнайы пәндерін анықтап, болашақ мамандықтарын жоспарлап қойған. Кәсіби бағдар беру кездесуіне қосымша ақпарат алуға келіпті.
– Биология пәнінен мұғалім болсам деймін. Кездесуде оқу орындардың, артықшылықтары мен жеңілдіктерін салыстырдым. А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің студенті атансам деймін. Болашақ мамандығым бойынша оқытады екен. Мемлекеттік грант бар. Шәкіртақы да жақсы. Оқыту жоспары ұнады, – дейді Дәулет Молдағалиев.
Мұстафа болса Ішкі істер органында қызмет еткісі келеді. Қостанайдағы Ш.Қабылбаев атындағы академияға түсуді жоспарлаған екен. Алайда, талапкер қабылдау саны шектеулі болғандықтан, мүмкіндік аз деп отыр. Енді ол Қарағандыны бетке алмақ.
– Қалада менің мамандығым бойынша тек бір ғана академия бар. Оның өзінде орын саны шектеулі. Сол себепті ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсуге бел байладым, – дейді болашақ ІІМ қызметкері Мұстафа Сартай.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ