Қостанай облысында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды жұмыстар жалғасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін 32 300 халқы бар 39 елді мекен, оның ішінде екі қалалық және 37 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, өңірде 464 елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген, бұл – 92,6% көрсеткіш. Барлық қалалық елді мекен сумен 100% қамтылған, ауылдық жерлерде қамтылым үлесі 92,5%-ға жетті. 30 ауыл орталықтандырылмаған сумен жабдықтауды, ал 7 ауыл тұрғындары тасымалданатын суды пайдаланады.
Биыл арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен сумен жабдықтау жүйелерін салу бағытында 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Барлық нысанды аяқтауға қаржыландыру екі траншпен толық көлемде бөлінген. Жұмыстар Арқалық, Тобыл, сондай-ақ Әулиекөл, Б.Майлин, Денисов, Жангелдин, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара және Федоров аудандарының елді мекендерінде жүргізілу үстінде.
Жобаларды уақтылы және сапалы орындаудың арқасында 2025 жылдың соңына дейін облыста 291 шақырым су құбыры желілері салынады. Тағы 23 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықталды. Жеті ауылда су құбырлары орнатылады, жетеуінде су тарату пункттері басқа жерге көшіріледі, ал жетеуінде сумен жабдықтау сапасы жақсартылмақ.
2025 жылдың соңына дейін облыстың 825 600 тұрғыны (492 ауылдық және 9 қалалық елді мекен) таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сапалы суға қол жеткізетін ауыл халқының үлесі 91,3%-дан 100%-ға дейін, ал қала халқының үлесі 99%-дан 100%-ға дейін артады. Бұл көрсеткіштер жүйелі жұмыстан хабар беріп, бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылып жатқанын көрсетеді.
Жанайым Балғынбекқызы,
ҚӨУ студенті
Фото: Gov.kz
