Облыстық кітапханада Оразалы Жақсановтың мерейтойына арналған кездесу кеші өтті

Облыстық кітапханада Оразалы Жақсановтың мерейтойына арналған кездесу кеші өтті

Л.Н.Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының және Жазушылар одағының мүшесі Оразалы Жақсановтың 70 жас мерейтойына арналған «Журналист – ізденістің адамы» атты кездесу ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараға ұстаздар, студенттер мен арнайы қонақтар қатысып, журналистика саласына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға құрмет көрсетті.

Кеш басталмас бұрын студенттерге Оразалы Отынбайұлының шығармашылық және кәсіби жолын, еңбектерін айшықтайтын көрме таныстырылды. Журналистің жылдар бойғы қаламгерлік қызметін айқындайтын алғыс хаттар, кітаптары көрсетілді. Бұл болашақ журналистерге тәжірибелі маманның өмір жолынан тағылым алуға зор мүмкіндік.blankblankblank

Алғашқы құттықтау сөз ҚР Білім беру ісінің үздігі Биялаш Сүйінкинаға берілді. Ол мерейтой иесінің ел журналистикасындағы орны ерекше екенін тілге тиек етті.

— Оразалы Отынбайұлы – өзіміздің атақты жерлесіміз. Мұхамеджан Сералин, Бейімбет Майлин секілді ардақты тұлғалардың ізін жалғастырушы, үлкен қаламгер, – деді ол.

blankКеш барысында жүргізуші классик ақын Серікбай Оспанұлының мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқып берді. Ақынның жүрекжарды арнауы кештің мазмұнын байытып, жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды.

«Сенсіз шыққан газеттің жоқ ажары,

«Қостанайдың» келесің боп ажары.

От жаққанның аты өшпей мәңгілікке,

Орманға айнала бер, Оразалы!» – деген өлен жолдары көпшіліктің ықыласына бөленді.

blankКездесуде студенттер мерейтой иесіне көкейдегі сұрақтарын қойып, журналистика саласының ерекшеліктері мен кәсіби тәжірибе жайында еркін пікір алмасты. Өз сөзінде Оразалы Отынбайұлы журналистика мамандығының оңай жол емес екенін ерекше атап өтті.

— Журналистика – қиын да мәртебелі мамандық. Ол ешқашан жеңіл болған емес. Бұрын да солай болған, қазір де солай, – деді ол.

Сонымен қатар, мерейтой иесі өміріндегі ерекше сәйкестік туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, өзі Журналистер күні дүниеге келген. Бұрынғы кеңес дәуірінде 5 мамыр журналистер күні ретінде аталып өткен.

— Мені анам журналист қылып дүниеге алып келіпті, – деді ол бұл жөнінде.

blankІс-шара жылы әрі жайлы атмосферада өтті. Қонақтар мерейтой иесін құттықтап, ақжарма тілектерін арнаса, студенттер тағылымы мол кездесуден ерекше әсер алды. Шығармашылық кеш журналистиканың қоғамдағы маңызы мен қаламгер еңбегінің құндылығын тағы бір мәрте айқындаған мазмұнды басқосу болды.

Сабина Кеңесбаева,

ҚӨУ 3-курс студенті