Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру – маңызды қадам. Бұл дегеніңіз, саладағы мемлекеттік реттеулер мен шектеулерді азайтып, оның орнына жеке құрылымдардың көбірек қатысуына жол ашу.
Бір сөзбен айтқанда, ырықтандыру – экономикалық дамуды ынталандыру үшін “бақылауды алып тастау” деген сөз. Яғни, әңгіме нысандарды жекешелендіруге қатысты болып отыр. 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыс бойынша он тоғыз коммуналдық меншік нысаны және “Тобыл” ӘКК” АҚ төрт объектісі жекешелендірілді.
Бүгінгі таңда он үш нысан жекешелендірілді. Тарқатып айтсақ, 617,2 млн теңгеге бағаланған тоғыз БАҚ нысаны, екі ТКШ, бір тұрғын үйді жаңғырту бойынша, бір тұрғын үйді жалға беру нысандары сатылды. Бір нысан таратылды. “Тобыл” ӘКК” АҚ төрт активін саудалады.
“2021 жылы “ТоболЭнерджи” ЖШС, “TORGAI” ЖШС ENERGY GROUP”, “Мыстау” ЖШС, “Шұқыркөл” ЖШС-і жекменшікке өтті. Ал Қостанайдағы “ТКШ Жөндеу” ЖШС, Рудныйдағы “Спутник-2012” ЖШС, Арқалық қаласындағы “Іскер-Арқалық” ЖШС, Лисаковтағы “Уста плюс” ЖШС тәрізді төрт нысан сатылымнан шығарылды”, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.
Биыл “Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы” АҚ мемлекеттік пакетінің 49%-і сатылымға шығады. Облыс әкімінің орынбасары жекешелендірудің кешенді жоспары 2024 жылы аяқталады деп отыр.
Әлібек ЫБЫРАЙ