Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары Қазақстандағы асфальтбетон зауыттарын тексеруге кірісті.
ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, олардың жаңа құрылыс маусымына және асфальтбетон қоспаларын сапалы өндіруге дайындығы тексеріледі, сондай-ақ жол-құрылыс материалдарын сынайтын зертханаларға бақылау қамтамасыз етіледі.
Қазақстанда жалпы 300-ден астам асфальтбетон зауыты жұмыс істеп тұр. Отандық жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары сапа стандарттары мен нормативтерге сәйкестігін тексеру мақсатында әрбір зауытқа инспекция жүргізуді жоспарлап отыр.
Тексеру жұмыстарының нәтижелері ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің қолдауымен құрылған rcmbase.kz жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасында қолжетімді болады. Аталған базада зауыттың орналасқан орны, техникалық сипаттамалары, жобаларға қатысуы, зертханалардың болуы, салмақ үлестіргіштерінің жай-күйі және асфальтбетон зауыттарының экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі шаралардың сақталуы туралы деректер ұсынылады.
Естеріңізге сала кетейік, жол-құрылыс материалдарының бірыңғай базасын құру жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыруға, жеткізушілерді таңдау кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге және жол құрылысында материалдар мен технологияларды пайдалануды жүйелеуге арналған.