Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдумда дауыс берді. Өңір басшысы №3 референдум учаскесіне келіп өз таңдауын жасады.
Өңір басшысы референдум ел болашағын айқындайтын маңызды саяси оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тарихи сәтте әрбір азаматтың өз пікірін білдіруі аса маңызды.

«Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумның Наурыз мейрамы қарсаңында өтіп жатқаны өте символдық мәнге ие. Ежелден Наурыз – жаңару мен жаңа бастамалардың, береке мен бірліктің мерекесі саналған. Бұл күндері халқымыз дастархан басына жиналып, бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Осы мүмкіндікті пайдаланып, облысымыздың барлық тұрғындарын келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтағым келеді. Осы күндері айтылатын барлық игі тілектер қабыл болып, әр шаңыраққа бақ-береке, амандық пен молшылық әкелсін, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан бойынша жаңа Конституцияны қабылдау мәселесіне арналған жалпыхалықтық референдум өтуде. Референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Өңір тұрғындары да бұл маңызды саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап жатыр.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
