Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Наурыз – ел ұлықтаған ұлы күн» атты мерекелік іс-шара өтті.
Кеш шымылдығы әсем әнмен түріліп, сахнаны Қостанай облыстық Е. Өмірзақов атындағы филармониясының әртісі Жәнібек Жұмахан ашты. Сонымен қатар, «RAUSHAN» вокал студиясының қатысушысы Рахметов Асанали, «Ақ қауырсын» әдеби клубының мүшелері және А. Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ өнер факультетінің студенттері Ақниет Искакова мен Дильназ Смаилова халық әндерін нақышына келтіре орындады. Ал Жакен Наргиза мен Өтемісов Тұрар төкпе күйлерді күмбірлетіп, ұлттық өнердің көркем үлгісін паш етті. Мерекелік кештің ажарын аша түскен «Нұр Әуен» студиясының жас домбырашылары күмбірлеген күй арқылы көрермендерге ерекше рух пен әсерлі көңіл күй сыйлады. Әсем Искакованың жетекшілігіндегі «Кербез сұлу» жетігеншілер ансамблі орындаған нәзік әуен көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық музыкалық мәдениеттің бай мұрасын кеңінен танытты. Сондай-ақ, «ЭСТЕЛЬ» би студиясының бишілері «Қылықты қыздар» және «Райская птица» атты би композицияларын орындап, сахна сәнін келтірді.
Іс-шара барысында қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындары да ұйымдастырылды. Қатысушылар «Аударыспақ», «Асық ату», «Қол күрес», «Садақ ату» және «Арқан тартыс» секілді ойындарға белсене қатысып, өздерінің ептілігі мен күш-қуатын сынады. Ойын жеңімпаздары мен белсенді қатысушыларға іс-шараға қолдау көрсеткен демеушілер – DETKI_KONFETKI_KOSTANAY, ONE_SUSHI_KOSTANAY, ARMAN3D_KOSTANAY және ZARINA_BROWLASH тарапынан арнайы сыйлықтар табысталды.

Ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптеген бұл мерекелік кеш қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Наурыз мейрамының мәні мен маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.
Ботакөз Дүйсембаева,
Л. Н. Толстой атындағы
ҚОӘҒК кітапханашысы
