Наурыз мейрамы күні пәтер кілттерін алды

Наурыз мейрамы күні пәтер кілттерін алды

Қостанай ауданында Ұлыстың ұлы күні 50-ден аса отбасы баспаналы болды. Пәтер кілттері жаңадан салынып жатқан «Астана» шағын ауданынан берілді. 

Бұл шағын аудан жаңа дамып келе жатқан тұрғын үй кешендерінің бірі. Соңғы жылдары мұнда бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, инфрақұрылымы қарқынды. Осы ретте табысталған пәтерлер толық әрленген күйде берілді. Қоныс иелерін құттықтауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов келді.

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында біздің облысымызда, Қостанай ауданының «Астана» шағын ауданында өте маңызды әрі қуанышты оқиға болып отыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатқан тұрғын үй құрылысының жемісін көріп, жаңа пәтерге қол жеткізіп отырсыздар. Наурыз – жаңарудың, жаңа бастамалардың, бірлік пен берекенің мерекесі. Бүгінгі күні осы мерекемен қатар, ондаған отбасы үшін өмірдегі жаңа кезең басталып отыр. Көпбалалы аналар, мүгедектігі бар азаматтар, ұзақ жылдар баспана кезегінде тұрған отбасылар – енді өз шаңырақтарына қоныстанады. Бұл – мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының, әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі», – деді облысы әкімінің орынбасары.

Биыл облыс орталығы мен аудандарда жүздеген мың шаршы метр жаңа баспана пайдалануға беріледі. «Астана» шағын ауданы – соның жарқын мысалы. Мұндағы үйлер заманауи талаптарға сай, толық әрленген. Тек өз қалаған жиһазыңызды алып тұра беруге болды. Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев шағын ауданда әлі де құрылыс жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

 «Бүгінде «Бәйтерек» және «Астана» шағын аудандарында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биылдың өзінде жүздеген мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Ең бастысы – үйлер толық әрленіп, тұрғындардың бірден қоныстануына барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Сонымен қатар, аталған аумақтарда инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардыдың құрылысы қатар жүргізілетін болады», – деді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.

Баспана жеңілдетілген ипотекалық қарыздар арқылы берілуде. Аудандағы №2, 6, 8 және 10-шы үйлерден пәтерлер табысталды. Көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар мен тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін басқа да санаттағы тұрғындар алды. Мейрам күні қуанышы еселенген отбасының бірі – Тасбергеновтер отбасы.

«2023 жылдан бері үй кезегінде тұрып келген едік. Биыл сәті түсіп, төртінші қызымның арқасында үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отырмыз. Яғни, кейінгі балам өмірге келген соң, көп балалы отбасы ретінде тіркелдік. Қуанышымызда шек жоқ. Жылдық мөлшерлемесі 2 пайызбен. Жеңілдікті сезіп жатырмыз. Бөлмелері кең, жарық. Өзім жиһаз істеумен айналысамын, сол себепті ол жағынан мәселе жоқ», – дейді пәтер иесі Медет Тасбергенов.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов пәтерлерді аралап-көріп, Тасбергеновтердің пәтеріне бас сұғып құтты болсын айтты.

blank

Жаңа қонысқа жақсылық тілеп, бір себет жеміс-жидекті тарту етті.

blank blank blank blank blank blank

Айта кету керек, шағын ауданда жаңа өрт сөндіру бөлімінің құрылысы басталып, қазіргі уақытта іргетасын құю жұмыстары жүргізілуде, нысанды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ кәріз сорғы станциясының құрылысы қарқынды.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген –Василий ВАСИЛЬЕВ