Қамыстыдағы Наурыз мейрамы: Салт-дәстүр мен заманауи технологиялар тоғысқан күн

Қамыстыдағы Наурыз мейрамы: Салт-дәстүр мен заманауи технологиялар тоғысқан күн

Қамысты ауылының орталық алаңы нағыз халықтық серуеннің орталығына айналды.

Биылғы Наурыз мейрамы ерекше деңгейде атап өтілді: бас алаңда қонақжайлылықтың белгісі ретінде киіз үйлер қалашығы бой көтеріп, көне дәстүр мен бүгінгі заман үйлесім тапты.

Тұрғындардың назарын ерекше аударған тақырыптық ауылдар болды. Мәселен, «Тоқтар ауылы» киіз үйі қонақтарды дәмді көжемен ғана емес, космонавтика, робототехника және жасанды интеллект саласындағы жәдігерлермен таңғалдырды.

ЛЭД-экран арқылы Тоқтар Әубәкіровтің бейнеқұттықтауы көрсетіліп, ежелгі көшпенділер мәдениеті мен ғарыш дәуірі арасындағы сабақтастық анық сезілді.

Ұлт зиялылары мен мәдениет қайраткерлері — «Әлихан ауылында» А. Бөкейхановтың өмірінен театрландырылған қойылымдар қойылса, «Жамбыл ауылында» Ж. Жабаев пен Д. Нұрпейісованың бейнесіндегі актерлер халықты музыкамен сусындатты.

Бұл киіз үйлер келушілерге төл тарихымыздың тереңіне жол ашты.

Биылғы мерекенің ең басты ерекшелігі — алаңда бой көтерген тоғыз киіз үйдің әрқайсысы қонақжайлылық танытып, халыққа Наурыз көже мен ұлттық дәм ұсынды.«Үлкен үйде» қазақтың байырғы тұрмыстық бұйымдары мен қазы-қарта, жал-жая сияқты тағамдардың түр-түрі қойылды.«Парасат» киіз үйі құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың ұлттық нақыштағы заманауи бейнесін көрсетті.

«Ақ ниет», «Ырыс» және «Құт» киіз үйлері ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арнап ақ дастархан жайды.«Бірлік» киіз үйі еріктілер мен балалардың басын қосып, бірлік пен тазалықтың символына айналды.

Әрбір шаңырақта Наурыз көже дайындалып, бауырсақ, шелпек және ыстық шай үлестірілді.

Ең кішкентай қонақтар үшін «Көше фест» шаралары ұйымдастырылды. Жастар мен ересектер қазақ күресі, арқан тарту, қой көтеру, қол күресі және гір тасын көтеру сияқты спорттық сайыстарда бақ сынасты. Ал ең ептілер автокөлік тарту жарысына қатысып, демеушілер тағайындаған тірі қой мен өзге де сыйлықтарға ие болды.

Алаңда 500-ден астам адамға арнап ыстық палау тартылды. Сонымен қатар, «Самаурының қайнасын» байқауы өтіп, ауыл тұрғындары отынмен самаурынды жылдам қайнатудан өзара жарысты. Мерекенің жоғары деңгейде өтуіне аудандық әкімдік пен барлық жауапты қызметтер бірлесе атсалысты.

blank blank blank

Қамыстыдағы Наурыз тағы бір мәрте бірлігіміздің бекем екенін көрсетті. Жаңа жыл әр шаңыраққа бақ-береке әкелсін!

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Қамысты ауданы