Ұлыстың ұлы күні Қостанай қаласының орталығында ерекше сән-салтанатпен өту үстінде.
Шаһарда шаттық-думанның лебі есіп тұр. Орталық алаң иін тірескен қалың қауымға толы. Жиырмадан астам ақ үй сап түзескен. Әр киіз үйдің маңында жеке-бөлек бағдарлама ұсынылып, ойын-сауық өткізіліп, небір қызық-қуаныш қыз-қыз қайнауда. Ал үлкен сахнада ән мен күй әуелеп, өнерпаздардың концерті үздіксіз жалғасты. 










Сағат 11:00-ді соққанда облыс әкімі Құмар Ақсақалов қостанайлық тойшыл жұртшылыққа құттықтау лебізін жолдады.
«Баршаңызды Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз Наурыз — береке-бірліктің бастауы, молшылықтың мейрамы. Қазақстан үлкен саяси жаңғыру кезеңінен өтіп жатыр, Конституциялық реформа Әділетті ел құрудың маңызды қадамына айналып отыр. Әлем алмағайып дәуірді, аласапыран уақытты бастан кешіріп жатқанда Қазақстан тұрақтылықты сақтап, экономиканы бекемдеп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ден қойып жатыр. Қостанай жері — қашаннан бірлігі берік, ынтымағы жарасқан, берекесі шалқыған құтты мекен. Тобыл өңірі бүгінде елдің белсенді дамып келе жатқан аймақтарының бірі. Бұл облысымыздың әрбір азаматының еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің, ауызбіршілігінің арқасы. Бүгінгі мейрам да жерлестеріміздің тату-тәтті тұрмысының айқын дәлелі болып отыр», — деді облыс әкімі.
Ізін ала өнер мен дәстүр үйлесім тапқан мәдени бағдарлама халық назарына ұсынылды. Мұнда облыстық филармония мен қазақ драма театрының әртістері әуезді саз бен әсерлі қойылымға толы бағдарламаны сахналады.






Салтанатты сәттен соң облыс басшысы киіз үйлерді аралады. Атап айтқанда, «Digital Nauryz 2026» деп атауымен бөлек орналастырылған Allur, Agromash және Alpamys group компанияларының ақ үйлеріне бас сұқты.

Бұл шаңырақтардың ерекшелігі — технологиялық жетістіктермен, цифрлық құрылғылармен жабдықталған. Әсіресе, Alpamys group киіз үйіне қалалық Балалар шығармашылығы үйі тәрбиеленушілерінің робот техникалары қойылған. Бұл отауда келімді-кетімді қауымды роботтар Наурыз мейрамымен құттықтауда. Мұнда дарынды оқушылардың қолынан шыққан құлтемірлердің түр-түрі бар.Ал Allur киіз үйінде жасанды интеллект шешімдері таныстырылды.
«Біз бүгін дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын көрсетуді мақсат еттік. Мемлекет басшысы осы жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған сай ұлық мейрамда ұлттық салт-дәстүріміз бен заманауи технологияның үндестігін көрініс етіп көрсетіп отырмыз. Дарынды оқушыларымыздың робот техникасы, қос бірдей қазақтілді құлтеміріміз көрермен жұрттың қызығушылығын тудырып жатыр», — дейді «Алпамыс груп» киіз үйінің жауапты маманы Әділет Оспанов.


Өңір басшысы Достық үйінің ұжымы тіккен киіз үйге де арнайы соғып, этносаралық жарасының ұйытқысы болып отырған мекеме өкілдерін құттықтап шықты. 





Жалпы, қаладағы іргелі кәсіпорындар, мекеме-ұйымдар шаңырақ құрып, ағыл-тегіл ағайынға айқара құшақ ашты. Аулаларында ашық спорттық сайыстар, әртүрлі жарыстар, ұлттық ойындар өткізіп, жеңімпаздарға сый-сияпат үлестірді.
Алтынсарин көшесі бойында сауда-саттық қызып, ас-дәм дайындалып, тегін тағамдар таратылуда. Елдің бірлік-татулығын, ырыс-берекесін айшықтаған қастерлі мейрам кешке дейін тарқамайды.


Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген — Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ