Міржақып мерейтойы: айтыс, жыр-терме байқауы, гала концерт…

Міржақып мерейтойы: айтыс, жыр-терме байқауы, гала концерт…

Торғай өңірінде өтетін Міржақып мерейтойының мәдени бағыттағы іс-шаралары ерекше тартымды. Олардың ішінен ілкімділерін іріктеп алып, қалың көпшілікке аңдатпа ұсынғанды жөн көреміз. Қай күні, қай орында қандай жобалар өтетінін біле отырғайсыздар.

Айтулы думан – айтыс аламаны

            Дүбірлі тойдың ең елеулі іс-шарасы республикалық айтыс болмақ. «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты ақындар аламанына Алаш жұртына аты мәлім сөз сүлейлері, жыр-өлең жүйріктері қатысады.

Жақаң тойына арналған айтулы додада ұзын саны 14 ақын сөз-сайысқа түседі. Атап айтсақ, Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әсем Ереже (Семей), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Қанат Мырзахан (Алматы), Мұрадым Мейірланов (Орал), Мейіржан Жақып, Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Марат Ахметов (Ақтөбе), Серікбол Панабердиев (Атырау) және Бекзат Асқаров (Түркістан) бап мен бақты сынға салғалы отыр. Ал Қостанай облысының намысын өңіріміздің үкілі үміттері – Батырлан Сағынтаев пен Тоба Өтепбаев қорғайды.

Айтыс тізгінін қазақтың ардақты ақыны Аманжол Әлтаев ұстайды. Қазылар алқасында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман (қазылар төрағасы), Халық ақыны Әсия Беркенова, айтыс ардагері Мэлс Қосынбаев, Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, айтыс сарапшылары – Қойлыбай Асанов пен Айтуған Ырысалды бар.

Дүлдүлдер додасының жүлде қоры да қомақты. Жыр-жарысқа түскен үміткерлердің қай-қайсысының да қанжығасы майланып қайтпақ. Бұған дейін Мәжіліс депутаты, жерлесіміз Берік Бейсенғалиев өз отбасының атынан айтысқа темір тұлпар тігетінін айтқан еді… Бастысы, бұл бәйге қарт Торғай тарихына таңбаланатын рухани мәні зор оқиғаның біріне айналмақ. Ақындар аламаны 20 қыркүйекте 15:30-да Торғай ауылындағы «Топжарған» орталық стадионында басталады.

        Жыр-терме және ән-шашу

            Ұлт өнеріне сусаған жұрттың мейірін қандыратын тағы бір тағылымы терең іс-шара – «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты республикалық жыр-терме орындаушылар байқауы.

Бірегей жобада ел көзайымына айналып жүрген он өнерпаз сынға түседі. Олар: Мұхтар Әділов (Қарағанды), Нұртуған Ұлдана, Жасұлан Есімхан, Фархат Жәніш (Астана), Бекарыс Көштаев (Шымкент), Арғынбек Бейбітхан, Сәуле Жұмабай, Айжан Санай, Гүлбағым Қайыржанова, Байдос Қожасағиев (Қостанай облысы). Әншілік, орындаушылық шеберлікке, таңдалған туындының мазмұнына, мақам ерекшелігіне баға беріліп, үздіктер қомақты жүлдемен марапатталады.

Қатысушыларға белгілі жыршы-жырау Алмасбек Алматов, әнші, халық музыкасын зерттеуші Бағылан Бәбіжан, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков, республикалық ән байқауларының лауреаты Айтбек Нығызбаев және «Тобыл-Торғай әуені» музыка анталогиясын құрастырушы, ғалым, айтысқер ақын Батырлан Сағынтаев төрешілік етеді.

Байқау Торғай кентінің Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде 21 қыркүйек күні сағат 10:00-де басталмақ.blank

Мерейтой бағдарламасы сол күні кешке орталық стадионда өңір өнерпаздарының және эстрада жұлдыздарының гала концертімен түйінделгелі отыр. Торғай өңірінің торқалы тойына елге белгілі әншілер –Маржан Арапбаева, Ғаділбек Жанай, Ильхан Ихсан және «Ұлы дала баласы» Төреғали Төреәлі әннен шашу шашады.