Жангелдин ауданы Милісай ауылында тұратын Салықовтар әулетінің келіндері Гүлдана мен Күнсұлу Арқалықта өткен аймақтық «Абысын- ажын» сайысының бас жүлдесін жеңіп алды.
Байқауға ұзын саны 6 жұп қатысып, өзара сынға түсті. Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған сайысқа қала және қалаға қарасты ауылдардан аналар келіп қатысты.
Сайыстың салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Мешітбай Жұманов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Төрден құрметтеліп орын берілген 90 жастағы Ақмаржан қажы кестелі сөзбен өріп, төгілдіріп батасын берді. Қалалық «Асыл әжелер» ансамблі және жекелеген әншілер әннен шашу шашты.

Бір шаңырақтың түтінін түтетіп, ағайынның арасын жарастырып жүрген абысындардың татулығы жас ұрпаққа үлгі өнеге. Сайыс барысында «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деген қанатты сөзді жандарына серік еткен абысындар «Сәлем сөзің анасы», «Ата дәстүр – тәрбие негізі», «Абысын тату болса ас көп», «Ұлттық үлгідегі заманауи сән үлгісі» кезеңдері бойынша шеберліктерін сынға салды.


Бір қызығы жеңімпаз жұптар бұған дейін бұлай көп алдында сынға түсіп көрмеген. Абысындардың бірі ауылдың мәдени ұйымдастырушысы болса, бірі мектептің мұғалімі. Үлкенінің 5 баласы, 8 немересі бар. Келіні 2 баланың анасы.



«Бас жүлде алып қыздарымыздың жүздері жарқырап тұр. Алыстан ат терлетіп, арнайы қолдау білдіріп келіп отырмыз. Милісай ауылдық Аналар кеңесінің төрағасы Толқын Наурызқызы, аудандық спорт ардагері Алуа Мұхамедиярова да міне ортамызда. Аналардың мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізу»,- дейді Жангелдин аудандық Аналар кеңесінің төрағасы Кәмпит Елеуітова.




Іс-шараға облыстық «Әжелер алқасы» және «Аналар кеңесінің» төрағалары мен мүшелері де құрметті қонақ болды.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген — автор
