Мешітте Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай конференция ұйымдастырылды

Мешітте Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай конференция ұйымдастырылды

Қостанайда Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар легі басталып кетті. Игі бастамаға Жайлаубай ата мешітінің ұжымы мұрындық болды.

«Өткен жылдың желтоқсан айында Қазақстан діни басқармасының кезекті оныншы құрылтайын өткен болатын. Науырызбай қажы Тағанұлы бас мүфтилікке қайта сайланды. Сол мәжілісте еліміздегі ислам дінінің бағытына байланысты жаңа бағдарлама құрылды. Онда мұсылман жмағаттың қолдауына қайта ие болған дінбасы Алаш арыстарына деген жастарымыздың бойында патриоттық сезімді ұялату үшін әрбір өңірдегі мешітерде жас буынға жол көрсететін ғалымдармен кездесу ұйымдастыруға ерекше назар аударды», – деп атап өтті мешіттің бас имамы Шоқан қажы Ғазизұлы Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған ғылыми конференцияның ашылуында.

 

Шоқан қажының баба мұратын жалғауына кезіндегі Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар апаның шынайы алғыс сезімі болса керек-ті.

«Осыдан тура он бес жыл бұрын атамыздың 125 жылдық асын берген кезде рухани қолдау білдірген едіңіз. Сол үшін Гүлнар апамыз өз қолымен жазып, сізге алғыс білдірді. 2010 жылы асылдың сынығы қалдырған бұл құнды жәдігер болашаққа музейге керек дүние деп ойлаймын», – деген Бақберген Өтеулин ұрпақтары атынан аманатты жеткізіп, «Алаш қызы Гүлнар» атты кітабын тарту еткен еді.

Бақберген Өтеулин Міржақып Дулатұлының тікелей ұрпағы болып келеді. Дәлірек айтқанда, Сансызбай бабасынан Ниязбек, Дулат, Өтеулі тарайды.

«Атамыз сонау жат елден өз еліне оралып келгенде Бидайықтың басына халқы Алаш болып жұмылып, қайта жерледі. Бидайық ол уақытта үлкен кеңшар болғанын білесіздер. Сол жерде ағайынға ас берілді. Кейін ол жақта ел қалмағаны жайлы ағайын арасында көп айтылып жүр. Содан осыдан он жыл бұрын ақсақалдарды ертіп, Қызбелге бардық. Сүйегін ата-бабасының жеріне көшірсек дегендер болды. Алматыға әдейі барып, Гүлнар апаммен сөйлестім. Ол кісі бірден жауап берген жоқ. Ойласты да: «Сүйегі еліне келді. Сол жерден топырақ бұйырған екен, аруағын мазаламаймыз» деді», – деп еске алды Бақберген Өтеулин.

Алайда бұл сауал мұнымен толастаған жоқ. «Алаш қайраткерінің сүйегін Торғайға, Қостанайға неге апармаймыз?» деп өтініш айтып келе жатқан ағайынның қарасы қалың.

«Ағайынмен былтыр жиналып, Ерлан ағамыздың сәлемін айттым. Әулеттің адамдарына сүйегі қозғалмайтынын жеткіздік. Бидайықтың басындағы атамыздың кесенесінде бүгінде жөндеу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Былтыр күмбезі дұрысталды. Облыс әкімдігімен бірге жасалып жатқан жоспар шешіліп келеді», – дейді мерейтойға дайындықтың шет жағасын айтып берген Бақберген Өтеулин.

Айтуынша, Міржақыптың немерелерінің көбі Алматыда тұрып жатыр. Дина атты немересі Тюменде, Ерлан, Нұрлан, Жаннасы Алматы қаласының байырғы тұрғындары.

Ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серікбай Оспанұлы Тобыл-Торғайдың тұңғыш тұлғалары жайында үнемі ізденіс үстінде. Ғылым жолына келуіне Нұрхан Ахметбековтің досы Ахметқан Әбіқаевтың естеліктері түрткі болғанын айтып жүр.

«Ахаң Жақаңды бала кезімізде естіп өстік. Әсіресе, ауылымыздың зиялы қариясы болған Ахметқан Әбіқаевтың әңгіме, естеліктерін көп тыңдайтынбыз. Міржақып Мағжанға ұстаз болған», – деп жалғады сөзін Серікбай Оспанұлы.

 

Тарихшы, ұстаз Рауан Байдалы тұлға жайлы тарихи зерттеулерге кеңінен тоқталды.

 

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген – Жансая СӘБИТБЕК 

 

Жаңалықтармен бөлісу