“Мерейлі отбасы” – ұлттың байлығы

“Мерейлі отбасы” – ұлттың байлығы

Рудныйда “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Былтыр тек үш отбасы өтініш берсе, биыл тоғыз жанұя қатысқан. Қалалық іріктеуден өткен екі отбасы облыстық байқауға жолдама алды.

Елімізде аталмыш байқаудың бастау алғанына он жылдан асты. Содан бері 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Жанұя құндылығын дәріптейтін байқаудың қорытынды іс-шарасына Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко келіп, жеңімпаздарды құттықтады.

“Жыл сайын бүкіл ел бойынша 15 мамырда “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы басталады. Байқау отбасы институтын нығайтуға бағытталған. Әр аймақта тұратын дарынды отбасыларды, әулеттерді үлгі етіп, көрсетуге көмектеседі. Рудный қаласында құрметке лайық көптеген отбасы тұрады. Биыл ұлттық байқауға қатысуға тоғыз өтінім келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір көп. “Мерейлі отбасы” байқауының қалалық кезеңіне қатысқан барлық отбасы мүшелеріне алғыс айтамын. Жанұяларыңыздағы тәрбие, мызғымас сыйластық, жақсы өнегелеріңіз өзгелерге үлгі болсын”, – деді Виктор Ионенко.

Облыстық байқауға жолдама алған Қалжановтардың өнегелі өмірі кім-кімге де үлгі боларлықтай. Асылхан мен Жұмабике Қалжановтардың отасқанына биыл 54-ші жылға аяқ басты.

Елу бес жылдан астам уақыт Рудныйда тұрып келеді. Екі ұлдан бес немере сүйіп отыр. Ерлі зайыптының қалаға сіңірген еңбегі бағаланып, 2022 жылы Рудный қаласының 65 жылдығына орай “Достық” саябағындағы ашылған “Даңқ аллеясына” есімдері еңген. Саябақта серуендеген адамдар Асылхан мен Жұмабике Қалжановтардың еңбек жолымен етене таныса алады. Ал ұлы Марат кәсіби фото-бейне оператор.

Келіні Айгүл №2 гимназиясының қазақ тілі мұғалімі. Ерлі зайыптылар болашақта ақ халатты абзал жан болуды армандайтын Арондай ұлдары мен  графикалық дизайнның майталманы Алинадай шығармашыл қызды сонымен қатар, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысы Мүгілсімді  тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Кіші ұлы Жанат жұбайы Салимамен бірге Ресей Федерациясында тұрады. Екеуінің Ілияс пен Дина атты ұл-қыздары бар.

 

“Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде” мамандығым бойынша  токарь болып жұмыс істедім. Одан кейін Қиыр Шығыстағы әскери зауытқа шақырту алып бірнеше жыл сол жақта еңбек еттім. Үш жылдан соң Рудныйға отбасыммен қайта қоныс аударып, кәсіпорыннан зейнетке шықтым. Немере бағып, қызығына тоймай жүріп жатырмыз. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш. Баршаңызға отбасы татулығын тілеймін”, – дейді Асылхан Қалжанов.

 

Жұмабике Қалжанова сауда орталығында сатушы болып жұмыс істеген. Кейін мемлекеттік қызметке ауысқан.

 

“Зейнетке шықсақ та қоғамдық іс-шаралардан алшақ емеспіз. Шамамыз жеткенше, денсаулыққың жарағанынша түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, жұртпен бірге атсалысып жүреміз. Байқаудан озық шығып, облысқа жолдама алғанымызға қуаныштымыз. Шын бақыт ол – отбасында. Жас отбасыларға айтар ақылым тату болу керек. Кешірімді, ерлі-зайыптылар бір-бірі тыңдай білу керек. Түрлі жағдай болатыны анық, құр дабыра ештеңе шешпейді. Өйте берсе сыйластық кетеді. Құрмет жоқ дерде ештеңе жоқ. Сол себепті татулық, кешірімділік бәрінен алып шығады”, – дейді Жұмабике Қалжанова.

Отбасында шындықты ту еткен жанұяның бірі – Қосаевтар әулеті. Қара шаңырақ иесі Еркебұлан Қосаев ССКӨБ» АҚ-да жұмыс істейді.

 

 

Оның жұбайы Лаура Жаңбырбаева қалалық тілдерді оқыту орталығында әдіскер-оқытушы. Ата-аналары Ерқазы Қосаев пен Гүлзия Түлекова зейнеткер. Ерқазы Ілиясұлы да өндірісте жұмыс істеген. Ұлдан төрт немере сүйіп отыр. Үлкен немересі Еңлік 7-сыныпты, ұлы Емран Рудный қаласындағы №19 жалпы мектептің 3-сыныбын аяқтады. Ернар атты немересі №15 балабақшаның мектепалды даярлық тобына барады. Кенже немересі Ерұлан 2 жаста. Балалар қоғамдық өмірге белсене араласады, Емран қазақ күресіне қатысады. Сондай-ақ, келіндері Лаураның қамқорлығында А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курсын тәмамдаған сіңілісі Айкен бар. Отбасыда 9 адам.

“Байқау жайлы келінім Лаурадан естідік. Сосын бақ сынап көрейік деп шештік. Мұндай байқаулар бізге тансық емес. Немерелерімнің мектепішілік өтетін барлық іс-шарасына әжесі екеуіміз қатысып келеміз. Елімізде ұлттық дәстүрге иен жайдыратын, отбасы құндылығын дәріптейтін байқаулардың көптеп болғаны өте жақсы. Біз жастарды тәрбиелеуде, ұлттық құндылығымызды олардың бойына сіңіріп, еліміздің білімді азаматтарын тәрбиелеуден шаршамаймыз. Барша отбасына жақсылық тілеймін. Балалардың сыңғырлаған күлкісі үзілмесін”, – дейді байқау қатысушысы Ерқазы Қосаев.

 Байқау қатысушылары қала әкімінің қолынан арнайы алғыс хат пен сыйлықтар алды.

 

Суреттерді түсірген – Ернұр ӘУЕЗХАН

Жаңалықтармен бөлісу