Меңдіқара тұрғыны грант ұтып, кәсіп ашты

Меңдіқара тұрғыны грант ұтып, кәсіп ашты

Меңдіқара ауданында шағын кәсіпкерлік дамып келеді. Кәсіп ашып, іс жасаймын дегендер Ұлттық жоба арқылы грант ұтып немесе төмен пайызбен шағын несие ала алады. Ол үшін 2021-2025 жылдарға 209 млн 750 мың теңге қарастырылған.

Меңдіқара ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту оралығының директоры Меңсұлу Садуақасова өткен жылы Ұлттық жоба шеңберінде 249 адам жұмысқа орналасқанын айтады.

– Былтыр 35 жоба мақұлданып, 249 адам уақытша, ал 91-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Қысқа мерзімдегі кәсіби оқудан 18 адам өтті. «Бизнес-Бастау» жобасы арқылы 82 адам оқып шықты. Биыл Ұлттық жоба арқылы 207 жаңа жұмыс орны құрылады. Оның 84-і тұрақты. Әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар үшін 11 грант беріледі. Жыл басынан бері 3 адам грант ұтып, кәсіптерін бастап кетті, – дейді Меңсұлу Садуақасова.

Уәлижан Ұлтфуллаев өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, мемлекеттен 1 млн 200 мың теңге қайтарымыз грант алған. Ол қаржыға Меңдіқара ауданында тез тамақтану (фаст-фут) орнын ашты.

– Бұл орынды ашқаныма бір жылға таяды. Жобамды сәтті қорғап, грант жеңдім. Ол қаржыға тағамды дайындайтын құрылғыларды сатып алдым. Қазірше орынды жалға алып отырмын, 80 мыңдай төлеймін. Сондай-ақ, бір адамды өзіме көмекші ретінде жұмысқа алдым. Бұйыртса, кәсібімді кеңейтуді көздеп отырмын. Кәуап істеп сатуға мүмкіндік қарастырып жатырмын. Оған бағдарламалар арқылы төмен пайызбен несие берсе алуға дайынмын, – дейді жас кәсіпкер Уәлижан Ұлтфуллаев.

Сәуір айының көрсеткіші бойынша 351 адам жұмысқа орналасқан. Орталық директорының мәліметінше, түрлі бағытта 1500-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ.

– Субсидияланатын жұмыс орындарына 156 адам, жастар тәжірибесіне 8 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 22 адам жұмысқа тұрды. “Алғашқы жұмыс орны” жобасына 5 жолдама бар.

Сондай-ақ, 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға шағын несие беру көзделіп отыр. Ол қаржы “Аграрлық несиелік корпорация” АҚ арқылы 5 млн теңгеге дейін беріледі.

– Осы жылы 5 несие 25 млн теңгеге берілмек. Қазірдің өзінде 3 адам несие алуға ниетті. Құжаттарын даярлап жатыр, – деді орталық директоры.

Сералы МЫРЗАБАЙ.

Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

Меңдіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу