Мемлекетшіл мінез, мерейлі ғұмыр

Мемлекетшіл мінез, мерейлі ғұмыр

Көп ауылдың тағдыры қыл үстінде тұрған шақтар болды. Сол кезеңде бір ауданның, кейде тұтас өңірдің салмағы нақты шешім қабылдай алатын адамдардың иығына түседі. Қостанай өңірінде сондай сындарлы кезеңдерде жауапкершіліктен қашпай, күрделі міндеттердің бел ортасынан табылған азаматтардың бірі – Бағытұр Әлімбайұлы Дәндібаев.

Оның еңбек жолы бір адамның өмірбаянынан гөрі, тұтас бір дәуірдің ауыл шаруашылығы, мемлекеттік басқару және елдік мүдде жолындағы күрделі тарихымен астасып жатыр.

Бүгінде Қостанай өңірінің дамуына үлес қосқан ел ағасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бағытұр Әлімбайұлы жетпіс бесті бағындырған ақсақал. Бірақ ол әлі де қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Мемлекеттік қызметтің халықтық мектебінен өткен абыройлы ардагер бүгінде облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшесі ретінде аймақтың әлеуметтік-саяси өміріне, ел ішіндегі тұрақтылық пен береке-бірлікті сақтауға белсене араласып келеді.

Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған  «Адал азамат» тұжырымдамасын насихаттауда ақсақалдың атқарып жүрген еңбегі ерен. Ол қоғамдық жобалар аясында жастармен жиі кездесулер өткізіп, өмірден түйгенін, еңбекке деген адалдық пен отансүйгіштік қасиеттерді кейінгі буынның санасына сіңіруді өзінің азаматтық парызы санайды. Артында өшпес іс, өнегелі із қалдырған Бағытұр Әлімбайұлының басып өткен жолы – мемлекетшілдіктің шынайы үлгісі.

 

Жер емген агроном

Бағытұр Дәндібаев 1951 жылы 29 сәуірде Қостанай облысында дүниеге келген. Өз заманының ең беделді оқу орындарының бірі – Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Қостанай филиалын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітірді. Оның басқарушылық философиясы кабинетте емес, қара жердің үстінде, тікелей өндірісте қалыптасты. Еңбек жолын совхозда қарапайым жұмысшы болудан бастап, агроном, бас агроном сатыларынан өтті. Бұл жылдар – егіс пен жиын-терін науқанының, тәуекелдер мен ауа райының тосын мінезінің, техника тілі мен адам психологиясының қыр-сырын оқулықтан емес, өмірдің өзінен үйренетін кезең еді. Мұндай мектептен өткен басшы үшін басқару абстрактілі ұғым болудан қалады: ол нақты нәтиженің қандай маңдай термен келетінін жақсы білді.

1980 жылдары ол «Маяк» совхозын, кейін облысқа аты мәлім «Львов» ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясын басқарып, өзін ірі ұйымдастырушы ретінде көрсетті.

Дағдарысқа қарсы феномен: «Львов» станциясының ерлігі. 1990-шы жылдардың басы бүкіл ел экономикасы күйреп, шаруашылықтар тек тірі қалудың қамын жасаған ауыр кезең еді. Осындай кезеңде Бағытұр Дәндібаев басқарған «Львов» станциясы нәтижені төмендетпек түгілі, оны еселей түсті: 1990 жылы өнімділік гектарына 20 центнерді құраса, 1992 жылы бұл көрсеткіш 27,8 центнерге жетіп, облыс бойынша екінші орынға шықты. Бұл сандардың артында темірдей тәртіп, дұрыс таңдалған агротехнология және кадрларды сақтап қала білу қасиеті жатты.

 

Әлеуметтік жауапкершілік: Газ, мектеп және көпір

Бағытұр Әлімбайұлының басқарушылық қолтаңбасының басты ерекшелігі – ол экономикалық көрсеткіштерді ешқашан адамдардың тұрмысынан бөліп қараған емес. Шаруашылықтарда ақша жетпей, жалақының өзі бартермен беріліп жатқан жылдары, Дәндібаев мемлекеттік бюджетке қол жаймай, шаруашылықтың өз қаражаты есебінен аймақ тарихында қалған ірі әлеуметтік жобаларды бастады.

1992 жылы Жітіқарада сол заманның өлшемімен өте үлкен сома – құны 900 мың доллар болатын типтік үлгідегі зәулім мектеп салынды. 1994 жылы Тобыл өзені арқылы өтетін, ұзындығы 102 метрлік, құны 1 миллион доллардан асатын стратегиялық маңызды көпір бой көтерді.

blank

Бұл аудан ішіндегі логистика мен қатынасты мүлдем өзгертті. 1998 жылы Тоқтаров кентіне құны 2 миллион долларға жуықтайтын газ құбыры тартылды.

«Газ бен көпір – бұл жай ғана есеп беру үшін жасалған нысандар емес. Газға дейін халық қыс бойы пеш жағып, көмір тасып, күл шығарып бейнеттенетін. Газдан кейін үйге жылу мен ыстық су келіп, халықтың тұрмысы түзелді, өркениет келді. Көпір – аймақтың экономикалық тамырына қан жүгіртті. Ал мектеп болашаққа салынған ең үлкен инвестиция еді», – деп еске алады замандастары.

Осы аталған істері туралы көзкөргендер ғана емес, кейінгі буында айтып жүргенін байқадық. Таяуда бір кездесуге барғанымызда жас жігіт жүгіріп келіп сәлем беріп, ағаның атқарған жұмысын сөз етіп, оған алғысын білдіріп жатты. Оның қалай қызмет еткеніне осының өзі үлкен дәлел деп түсіндік.

 

Қамысты ауданы: Күйреу жиегінен өрлеуге дейін

1998 жылдың қыркүйегінде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Бағытұр Әлімбайұлының осы іскерлігін ескеріп, оған жағдайы өте ауыр, дағдарыс батпағына батқан Қамысты ауданын басқаруды ұсынады. Ол кезде ауданның жағдайы шын мәнінде апатты деңгейде еді: ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының берешегі 4 миллиард теңгеге жеткен; техникалар талан-таражға түсіп, жөндеу базалары қираған, мал жаппай сыртқа бартерге кетіп жатқан; ең сорақысы – халық үдере көшіп, аудан тұрғындарының саны 35 мыңнан 21 мыңға дейін азайып кеткен.

Кез келген басшының абыройы күйіп, «жанып» кететін өте қауіпті кезең еді. Дәндібаев ауданға дайын сиқырлы шешіммен келген жоқ. Ол істі жергілікті халықтың арасында қалған, іске қауқарлы азаматтарды, атап айтқанда, Борис Князев, Жазит Құдайқұлов, Сейітбек Есембай сияқты білікті шаруашылық жетекшілерін маңына топтастырудан бастады.

Бірқатар тиімсіз кәсіпорындарды банкрот процесінен өткізу сияқты ауыр, бірақ қажетті қадам жасалды. Бұл ескі қарыздарды ысырып, істі жаңа парақтан бастауға мүмкіндік берді.

Нәтиже көп күттірген жоқ: 1998 жылы 182 987 гектар болған егістік алқабы 2007 жылға қарай 301 700 гектарға жетті. Ауданға жаңа шетелдік техникалар келіп, заманауи агротехнологиялар енді. Қамысты қайтадан облыстағы іргелі аудандардың қатарына қосылды.

 

Теміржол мен газ үшін күрес

Бағытұр Дәндібаевтың аудан әкімі ретіндегі стратегиялық көрегендігі Алтынсарин-Хромтау теміржол құрылысы кезінде айқын көрінді. Бастапқы мемлекеттік жоба бойынша бұл магистраль Қамысты ауданын айналып өтуге тиіс еді. Бұл ауданның болашақ дамудан тыс қалуын білдіретін.

Әкім бірден іске кірісіп, жоғары жаққа хаттар жазып, экономикалық есептер мен негіздемелерді дайындады. Ол Қостанай теміржол бөлімшесінің бастығы Бертран Рубинштейннің үлкен беделі мен қолдауын алып, мәселені облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің деңгейінде шешті. Нәтижесінде станция Алтынсарин ауылына көшірілді. Бұл шешім ауданның логистикалық шығындарын азайтып, астықты сыртқа шығаруды жеңілдетті және өңір экономикасын ондаған жылдарға алға сүйреді.

Осындай табандылық Қамыстыны газдандыру кезінде де көрсетілді. 2002 жылы жоба өтпей қалғанда, ол берілмей, қайтадан ТЭО (техника-экономикалық негіздеме) жасатты. Министрлік қаржыландырудан бас тартқанда, Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың қолдауына сүйеніп, 2007 жылы 1,7 миллиард теңге қаржы бөлгізді. Ауданға газбен бірге зәулім қазақ мектебі де келді.

Сонымен қатар, аудан таза аграрлық бағыттан индустриялық-аграрлық деңгейге өтті. 2004 жылы Мырыш өндіретін алып «Шаймерден» АҚ іске қосылып, 300 тұрақты жұмыс орны ашылды. 2006 жылы Адай қиыршық тас карьері іске қосылды. Ал 2007 жылы Мешіт ауылында алтын кен орны игеріле бастады.

Басқарудың соңғы жылында аудан кірісінің 34,3%-ын өнеркәсіп, ал 25%-ын ауыл шаруашылығы құрап, экономика тұрақты сипат алды.

Бағытұр Әлімбайұлы жоғары жақтың кез келген шешіміне бас шұлықтай беретін шенеунік емес, халықтың мүддесін қорғай алатын принципшіл басшы болды. Төмендегі екі тарихи оқиға оның тұлғалық салмағын көрсетеді:

  1. Субсидия мәселесі: Республикалық үлкен жиында сол кездегі Қаржы министрі Наталья Коржова аграрлық секторға берілетін жеңілдіктер мен субсидияларды толығымен алып тастауды ұсынады. Зал бұл шешімнің ауыр болатынын түсінсе де, қарсы шығуға жүрексініп отырғанда, Бағытұр Дәндібаев бірінші болып сөз алып, ауыл шаруашылығының әлі де аяғынан тік тұрып кетпегенін, бұл шешімнің ауылды құрдымға жіберетінін нақты цифрлармен дәлелдеп берді. Осыдан кейін талқылау бағыты өзгеріп, министрліктің бұл ұсынысы кері қайтарылды.
  2. Реформаға тосқауыл: 2007 жылы Садчиков ауылында Тұңғыш Президенттің қатысуымен өткен кездесуде жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа моделі талқыланды. Бұл модель ауылдық округтер деңгейінде екінші билік орталығын құруды қарастыратын. Дәндібаев бұл схеманың басқару жүйесін ушықтырып, жауапкершілікті шаятынын және жергілікті жерде дау-дамай туғызатынын ашық айтты. Оның бұл дәлелді уәжін өзге әріптестері де қолдап, реформаға алдымен мораторий жарияланды, кейін бұл тиімсіз үлгі өмірге енбей қалды.

 

Бірлік пен татулықтың ұйытқысы

Камысты ауданын тапжылмай 10 жылға жуық басқарғаннан кейін, Бағытұр Әлімбайұлы облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, кейін Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Ассамблеядағы жылдар ол үшін тек лауазым емес, үлкен адами, ұлтаралық достықты бекемдеген ерекше кезең болды. Ол аймақтағы сан түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, оларды ортақ мақсатқа – елдің татулығы мен тұрақтылығына жұмылдыра білді.

Дәндібаев өзімен бірге иық тіресе қызмет еткен Эльбрус Тимаев, Юрий Когай, Анатолий Тарасенко, Қалқаман Жақып, Еркін Әбіл, Юрий Ивлев, Майль Тороян, Юрий Бондаренко, Игорь Ким, Лилия Саркисян, Александра Суслова, Валерий Вишниченко, Гүлвира Құдайқұлова, Леонид Шевченко, Закия Мухсинова, Сергей Блок, Жәнібек Ғапбасұлы секілді тұлғаларды әрқашан зор ілтипатпен еске алады. Бұл ортада лауазым емес, адамның сөзі мен шынайы болмысы бағаланатын тірі, шынайы жұмыс атмосферасы қалыптасты.

Бағытұр Дәндібаев – өзінің атақ-абройын асыруға ешқашан ұмтылмаған, даңғазалықтан алыс, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол өзіне айтылған мақтаулардың барлығына: «Бұл тек менің емес, ең ауыр жылдары қасымда болып, елді сақтап қалған жұмысшылардың, механизаторлар мен шаруашылық басшыларының ортақ еңбегі», – деп жауап береді.

Істеген еңбегіне сай елі де ілтипаттан құр еткен жоқ. Қамысты, Сарыкөл аудандарының құрметті азаматы атанды. Кеудесіне «Құрмет» орденін тағынды.

Бүгінде ақсақалдың абыройы асқақ, беделі биік. Ол – өткен ғасырдың қиындықтарында шыңдалып, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қаласқан, бүгінде Президент айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасының тірі символына айналған тұлға. Нақты істің, темірдей тәртіптің және адами биіктіктің үлгісі болған Бағытұр Әлімбайұлының 75 жастық мерейтойы құтты болып, ел ағасының ақыл-кеңесі кейінгі буынға бағыт-бағдар бере берсін демекпіз.

 

Айбек ТАҢАТБАЙ

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды