Индустрия, логистика және инфрақұрылым: Нұрлыбек Нәлібаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары

Индустрия, логистика және инфрақұрылым: Нұрлыбек Нәлібаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келіп, өңірдегі индустриялық, көлік-логистикалық және әлеуметтік маңызы бар бірқатар нысандарды аралады.
Сапар бағдарламасы аясында Үкімет басшысының орынбасары өңір экономикасының негізгі драйверлеріне айналған өндіріс орындарының жұмысымен танысып, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын қарады.

Алғашқы нысан «KIA Qazaqstan» автомобиль зауыты болды. Кәсіпорынның атқарушы директоры Виталий Христ зауыттың өндірістік қуаты, технологиялық үдерістері және алдағы даму жоспарлары жөнінде баяндады.

Бүгінде кәсіпорын жылына 70 мың автокөлік шығаруға қауқарлы. Зауытта 729 адам еңбек етеді. Өткен жылдың соңғы тоқсанында кәсіпорын 40,2 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 80,6 млрд теңгеге жеткен.

blank

Одан кейін делегация «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Құны 63,8 млрд теңге болатын жоба толық іске қосылған кезде жылына 400 мың контейнер өңдеуге мүмкіндік береді және 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымын салу жұмыстары жалғасуда.

blank

«Бүгінгі таңда ұзындығы 2 мың 723,7 метрді құрайтын екі теміржол жолының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар ауданы 26 мың шаршы метр болатын контейнерлік алаң пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымының қалған бөліктерін салу жұмыстары жалғасуда. Сонымен бірге кешеннің бас жоспарын өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны толық көлемде іске асыру үшін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 51 миллиард теңге көлемінде қаржыландыру мәселесі пысықталуда. Кешен іске қосылғаннан кейін Қостанай облысының транзиттік және логистикалық әлеуетін едәуір арттырып, халықаралық жүк тасымалы бағытындағы маңызды хабтардың біріне айналады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және инвестициялық тартымдылықтың артуына оң әсерін тигізеді», – дейді «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің директоры Айдын Әлімов.

Жұмыс сапары барысында автокомпоненттер шығаратын локализациялық орталықтың құрылысы да таныстырылды. Құны 17,8 млрд теңге болатын жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар делегацияға өңірде жүзеге асырылуы жоспарланған газ-химия кешені мен Ақтөбе – Қостанай магистральдық газ құбырының құрылысы жөніндегі жобалар таныстырылды.

blank

Нұрлыбек Нәлібаев «KamLitKZ» кәсіпорнының шойын құю зауыты мен жетекші көпірлердің басты берілістерін шығаратын зауытын аралап көрді. Кәсіпорын бүгінде ауыр жүк техникасына арналған автокомпоненттер шығарып келеді. Жоба аясында мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп, қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған. Ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «АгромашХолдинг KZ» зауытында да болды. Кәсіпорын жылына 1000 комбайн, 3000 трактор және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруға қабілетті. Мұнда 476 адам жұмыс істейді. Өткен жылы өндірілген өнім көлемі 93,2 млрд теңгені құрады.
Сапардың келесі кезеңінде делегация еліміздегі ең ірі автокөлік өндірушілерінің бірі – «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнын аралады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 127 мыңнан астам автомобиль шығаруға қаухарлы. Зауытта 3500-ден астам адам еңбек етеді. Қонақтарға роботтандырылған дәнекерлеу желілері, сапаны бақылау зертханасы және жаңа өндірістік технологиялар таныстырылды.

Қостанай қаласында орналасқан «Баян Сұлу» акционерлік қоғамының жаңа технологиялық өндірістік кешенінің құрылысы да жұмыс сапарының маңызды нысандарының бірі болды. Құны 14,3 млрд теңгені құрайтын «Кондитерлік астана» жобасы іске қосылған соң жылына 13 мың тонна өнім шығарып, 260 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

blank

Сонымен қатар делегацияға астықты терең өңдеу зауыты мен тұрақты авиациялық отын өндіру жобалары таныстырылды.

blank

«Құрылыс жұмыстары өткен жылдың бірінші тоқсанында басталды. Кешенді пайдалануға беру осы жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған. Жобаның басты ерекшелігі – шикізатты терең өңдеуге негізделген заманауи өндірістік технологиялардың енгізілуі. Бұл өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, импортты алмастыру саясатын жүзеге асыруға және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады. Сондай-ақ жаңа кешен ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті кеңейтуге, өнім түрлерін көбейтуге және халықаралық нарықтардағы позициямызды нығайтуға серпін береді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, жаңа өндірісті іске қосу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр», – деп баяндады «Баян Сұлу» АҚ Басқарма төрағасы – президенті Тимур Садықов.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Қостанай теміржол вокзалының реконструкциялау жұмыстарын қарап шықты. Құны 5,3 млрд теңге болатын жоба аясында вокзал толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай бейімделмек.

blank

Сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру және «Орталық – Батыс» көлік дәлізін жаңғырту жобалары жөнінде ақпарат берілді. Нұрлыбек Нәлібаев Арқалық әуежайының жаңа терминалы өңір тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан екенін атап өтті. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Жаңа жолаушылар терминалының жалпы ауданы шамамен 3 мың шаршы метр. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс дайындығы 80 пайызға жеткен. Терминалдың негізгі қаңқасы тұрғызылып, сыртқы әрлеу және ішкі инженерлік жұмыстар жүргізілуде Үкімет басшысының бірінші орынбасары терминалдың сыртқы келбеті мен құрылыс сапасына ерекше назар аударып, мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар берді.

«Бұл нысанның маңызы ерекше. Арқалық қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан ірі ғимараттардың бірі осы болады. Сондықтан құрылыс сапасы өте жоғары деңгейде болуы тиіс. Сыртқы сәулеті заманауи, көрікті әрі өңірдің келбетіне сай болуы қажет. Халық бұл нысанды көптен күтті. Әуежай Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен салынып жатыр. Сондықтан жұмысты белгіленген мерзімде ғана емес, жоғары сапамен аяқтау қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов терминалды биылғы 15 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.

blank

Осыған байланысты Нұрлыбек Нәлібаев барлық жұмыстардың белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Ең бастысы – сапа. Әуежай терминалы Арқалық қаласының көркін ашатын заманауи нысан болуы керек. Көлемі шағын болғанымен, сәулеттік шешімдері мен жайлылығы жағынан үлгі болуға тиіс. Сондықтан сапа мәселесі тұрақты бақылауда болуы қажет, – деді ол.

Қазіргі уақытта қажетті 14 арнайы техниканың төртеуі жеткізілген, қалғандары маусым айының соңына дейін алынуы тиіс.

«Арқалық тұрғындары үшін әуе қатынасы қолжетімді болуы керек. Әсіресе алғашқы кезеңде рейстерді субсидиялау мәселесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Бірақ билет құны теміржол тасымалынан тым төмен болмауы қажет. Бұл жерде экономикалық негіздеме сақталуы тиіс. Барлық ұсыныстарды жан-жақты қарап, тиісті министрліктермен бірлесіп шешім қабылдау қажет, – деп тапсырды Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Нұрлыбек Нәлібаев Арқалық әуежайын қалпына келтіру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды жоба екенін атап өтіп, барлық жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданының құрылыс алаңында болды. Жоба аясында 23 көпқабатты тұрғын үй салынып, 1035 отбасы баспанамен қамтылмақ.

Жобаның тапсырыс берушісі Қостанай ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған. Жалпы құны 1 млрд 20 млн теңге. Жоба аясында «Астана» шағынауданында 23 бес қабатты тұрғын үй салу көзделген Құрылыстың жалпы аумағы 10 059,1 шаршы метр. Тұрғын үйлердің қабаттылығы – 5 қабат және жертөле. Пәтерлердің жалпы ауданы 61 197,94 шаршы метр болса, тұрғын алаңы 33 537,68 шаршы мет. Жалпы құрылыс көлемі – 354 176,08 текше метр. Барлығы 1035 пәтер салу жоспарланған.

blank blank blank

Оның ішінде, 253 бір бөлмелі, 483 екі бөлмелі және 299 үш бөлмелі пәтер бар. Бүгінгі таңда 23 тұрғын үйдің 10-ы пайдалануға берілді. Қалған 13 көпқабатты тұрғын үйде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар шағын ауданда инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр.

blank

«Астана» шағын ауданы Тобыл қаласының жаңа тұрғын аудандарының біріне айналып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және ауданның одан әрі дамуына серпін береді», – деді Қостанай ауданының әкімі Олжас Нұрғалиев.

Нұрлыбек Нәлібаевтің сапары Рудный қаласында жалғасты. Мұнда ««ССКӨБ» акционерлік қоғамының қызметі мен темір рудасын өндіру технологиясы таныстырылды. Кәсіпорын бүгінде өңірдегі ең ірі өндіріс орындарының бірі саналады. Компанияда 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жаңа шекемтас өндіру фабрикасының жобасы да таныстырылды. Сондай-ақ, Нұрлыбек Мәшбекұлына Рудный қаласының және облыстың қысқы жылыту маусымына дайындығы жөнінде ақпарат берілді.

blank blank

«Қысқа осы бастан әзір болуларыңыз керек. Барлығы техникалық паспорттарын тамыз айында алуы қажет. Тағы бір тексеріс жұмыстарын жүргізіп шығыңыздар. Қыс қатты болған жағдайда мәселе туындамай, кедергісіз өтуіміз қажет. Қандай көмек керек көмектесуге дайынбыз. Әлеуметтік нысандар қатты және сұйық отынмен қамтылуы керек», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың мәліметінше өңір аумағы 196 мың шаршы шақырымды құрайды, бұл республика аумағының 7,2 пайызын қамтиды. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымына 6 қала (оның ішінде 1 облыстық маңызы бар қала, 3 моноқала және 2 шағын қала), 16 аудан және 475 ауылдық елді мекен кіреді.

blank blank

Өнеркәсіп саласында осы жылғы қаңтар-сәуір айларында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн 32 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,5 пайыз болды. Осы жылы жалпы құны 132,8 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Ауыл шаруашылығы саласында ауыл, орман, аңшылық және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 65,6 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 102,3 пайызды құрады. Инвестициялар және құрылыс болса негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 162,8 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 101,2 пайыз. Құрылыс жұмыстарының көлемі 64,6 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,8 пайыз болды.

blank blank blank blank blank blank blank

Тұрғын үй құрылысы саласында 156,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 100,1 пайызды құрады. Бюджет және баға деңгейі облыстың нақтыланған бюджеті 712,8 млрд теңге болды. Оның 51,5 пайызы республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер мен субвенциялар есебінен қалыптасқан. Тұтыну бағаларының индексі 103,6 пайызды құрады, бұл республикалық деңгеймен бірдей. Оның ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 103,7 пайызға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 103,6 пайызға, ақылы қызметтер бағасы 103,5 пайызға өсті.

Халықтың табысы осы жылғы қаңтар-наурыз айларында орташа айлық атаулы жалақы 394,9 мың теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға жоғары.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев Қостанай облысында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ел экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ