Суға батқан баланы құтқарғандар марапатталды

Суға батқан баланы құтқарғандар марапатталды

Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев жуырда Термопаркте суға батқан 5 жасар баланы құтқарған үш адамды марапаттады.

Қала басшысы көпшілікті дүрліктірген оқиғаға бей-жай қарамай, бір баланың өмірін ажалдан арашалап қалған құтқарушыларға арнайы құрмет көрсетті.

Татьяна Сивопляс, Дияр Рахымжанов және Виталий Буряк есімді жандарды әкімдіктегі аппарат кеңесіне арнайы шақырып, көпшіліктің алдында алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады. Осы аталған үш адамның шұғыл іс-әрекетінің арқасында су астында тұншыққан бала аман-сау қалды.

«24-мамырда Термопаркте төтенше жағдай орын алғанын білесіздер. Мейірімді жандар азаматтық танытып, балаға дер кезінде алғашқы көмек көрсетті. Сол сәтте абдырап қалмай, жедел іске кірісе білген азаматтарды осында арнайы шақырдық. Сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізге алғыс айтамын. Оқыс оқиғаға бей-жай қарамай, жанашырлық танытқандарыңызға рахмет!», – деді қала әкімі.

Оқиға 24-мамыр күні кешке орын алғанын еске саламыз. Ата-анасымен демалуға барған балақай қас-қағым сәтте бассейнге батып кетеді.

blank blank blank blank

Сол сәтте Татьяна Сивопляс есімді демалушылардың бірі су астынан баланы байқап қалып, жанұшыра көмекке ұмтылады. Сол арада жүрген медициналық колледждің студенті Дияр Рахымжанов пен Виталий Буряк есімді жергілікті тұрғын жедел жәрдем қызметі келгенше алғашқы көмек көрсеткен. Баланың жүрегіне массаж бен жасанды тыныс алу жаттығуларын жасаған. Уақытында жасалған көмек бір адамның өмірін сақтап қалды. Қазір балақайдың жағдайы жақсы. Ауруханадан үйіне шықты.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суретті қала әкімінің баспасөз қызметі ұсынды