Осыдан екі жыл бұрын елімізде ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,02 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2,01-ге төмендеген. Бұл – болмашы өзгеріс болғанымен, қоғамда тұрақты әрі үлгілі отбасыларды насихаттау қажеттігін көрсетеді.
Осыны ескерген облыстық Аналар кеңесі мен «Ұлы Дала ұрпақтары – Қостанай» қоғамдық бірлестігі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде тағылымды кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның құрметті қонақтары – отасқандарына 59 жыл толған Тобыл қаласының тұрғындары Эмиль Мәжитұлы мен Ұлжібек Кенжеғалиқызы. Олар ұзақ жылдық отбасылық өмірлерінен сыр шертіп, жас ұрпаққа үлгі боларлық әңгімелерімен бөлісті.
“Эмиль аталарыңмен 20 жасымда тұрмыс құрдым, ол кезде ол 24-те еді. Содан бері қол ұстасып, өмірдің талай сынағынан бірге өттік. Бүгінде төрт баламыз, сегіз немереміз және үш шөбереміз бар. Бақыт деген осы емес пе?! Қазір жастар ұсақ-түйекке бола ажырасып кетіп жатады. Басты себеп – қиындыққа шыдамау. Өмірдің тәттісін де, тұщысын да бірге көру керек. Жастарға айтарым — шыдам мен сабырды серік етіңдер”, – деді Ұлжібек әже жүрекжарды сөзінде.
Облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ақжан Алтыбаева іс-шараның мәнін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру — ажырасудың алдын алудың бірден-бір жолы.
“Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты — жастарды отбасылық жауапкершілікке тәрбиелеу. Ажырасу – оңай шешім емес. Отбасы деген – еңбек пен түсіністік, бірлік пен сабыр. Университет қабырғасында осындай бағыттағы тәрбиелік шаралар жиі өткізіліп тұрса, жас буынның көзқарасы да қалыптасары анық” – деді Ақжан Алтыбаева.
Кездесу барысында 6697 әскери бөлімінің жауынгерлері, жас отбасы Диас Иргибаев пен Зарина Елтаева да әскери қызмет пен отбасылық өмірдің қыр-сыры туралы ойларымен бөлісті. Олар қызметтің қиындығына қарамастан, бір-біріне деген сенім мен махаббаттың бәрінен биік екенін айтты.
Ноғаев ЖАНБОЛСЫН,
Тимур ШАГИРОВ,
Суреттерді түсірген – Ноғаев Жанболсын
ҚӨУ студенттері