Мағынасын біле жүрейік

Мағынасын біле жүрейік

«Қазақтың тілі бай» дегенді үнемі айтамыз. Бірақ өзіміз күнделікті айтып-жазып жүрген кейбір сөздің түп-төркінін біле бермейтін сияқтымыз. Онымыз көп сөзді орынсыз, ретсіз қолданған кезде байқалып қалады. Бұдан бөлек, жалпы, кез келген сөздің этимологиялық мәнін жадымызда тұта жүрген артық емес. Оның пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бүгін «ТүзеТілді»  айдарында бірнеше сөздің бастапқы мағыналарына үңіліп көрелік.

 

            Толағай. Тілек-лебіз арасында айтылатын «толағай табыс тілеймін» деген сөзді жиі естіп жүрген шығарсыз. Осындағы «толағай» қашаннан бері «мол, көп, зор» сөздерінің синониміне айналып кеткені белгісіз. Біреулер бұның қазақ аңызындағы Толағайдың алып күшін әспеттеуден шыққанын айтады. Бірақ ауыз әдебиетінің кейіпкері бұл сөздің төркіні бола алмайды ғой. Асылында, «толағайдың» негізгі мағынасы біз ойлағаннан әлдеқайда басқа. Ол молшылық емес, керісінше, тақыр, жалаңаш, тұл деген ұғымдармен мәндес. Махамбеттің өлеңінде: «Темір қазық жастанбай, Қу толағай бастанбай», – дейтін жолдар бар. Бұл жерде «бастағы шашың түсіп, тақырланбай» деген мағына жатыр. «Ер Қосай» жырындағы: «Ер-тоқымын жастанып, Қу толағай бастанып», – деп келетін жолдардағы «толағай» да сол рәуіште айтылған. Дулат Бабатайұлы өлеңінде: «Төрт түлікке толдырды, Толағай тұлдыр қыратты», – деп шөпсіз, тақыр қыратты айтып тұр. Сондықтан жақынымызға тілеген тілегіміздің «қарғысқа» ұқсап кетпеуін бақылай жүрейік.

             Қарындас. Қазіргі қазақ тілінде бұл «бірге туған кіші қыздың ағасына туыстық қатынасын, жасы үлкен ер адамның әйел адамына айтылатын сөзін» білдіреді. Дегенмен «қарындас» ұғымы ертеректе әлдеқайда кеңірек болған. Көне түркі, ежелгі қазақ тілдерінде «туысқан, бір тектес адамдар» мәнін білдірген. Қазақтың «Елім-ай» әніндегі: «Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзге мөлдіреп жас келеді», – деген жолдарда бауырдан айырылу туралы айтылып тұрғаны анық. Сөздің жасалуына зер салсақ та «бір қарыннан шыққан» деген меңзеуді аңғарар едік. Түркі тілдес кейбір ұлттар әлі күнге дейін біз айтып отырған бастапқы мағынасын қолданады екен. Мұны да біле жүргеніміз артық болмайды.

             Сайыпқыран. Әлдекімді мақтар, мерейін асырар кезде тұспалмен қолдана беретін сөзіміздің бірі осы. «Сайыпқыран спортшы», «сайыпқыран ұшқыш», «сайыпқыран шабандоз» деп жатамыз. Бірақ түпкі мағынасын біле қоймаймыз. Анығында, бұл парсының «сахиб қыран» сөзінен шығады. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» мұның «планеталар бір түзудің бойына келгенде (ғаламшарлар шеруі кезінде) туған бала» деген мәнге саятыны айтылады. Демек, бұл – салмағы әлдеқайда ауырырақ сөз. Біз кезіктірген мәліметтерде, діни аңыз бойынша, осындай астрономиялық құбылыс сәтінде туған бала ержүректік, асқан батырлық, алғыр­лық се­кіл­ді қасиеттерге ие болады. Атақты қолбасшы Ақсақ Темір осындай мезетте дүниеге келген деседі. Ал оның өмірінде жаудан жеңіліп көрмеген сайыпқыран, жұлдызы оңынан туған батыр болғаны тарихтан белгілі.

             Сұңғыла. «Сұңғыла суреткер», «сұңғыла азамат», «сұңғыла қария» деген тіркестерді жиі оқып, естіп жүрген боларсыз. Бірімізден біріміз көшіріп қолданып жүрген осы сөздің түпкі мағынасынан хабарымыз бар ма? Түсіндірме сөздікке үңілсек, мұның бірнеше мәнде қолданылатынын көреміз. Біріншіден, «сезімтал, зерек, зерделі» деген жағымды мағынаға ие. Екіншіден, сұңғыла деп қу, арам, залым, пәлеқор адамдарды да айта беретін көрінеді. Ал түпкі төркініне зер салсақ, өсімдіктер (әрісесе, қауын) арасында өсетін шөп осылай аталады. Ол өзі өсіп тұрған жердегі жеміс-жидек, көкөністердің нәрін бойына жинап алып, дәмсіздендіріп тастайды екен. Демек, адамға қатысты айтылатын мағыналары да осы төркіннен аса алшақ емес секілді. Екі мағынада да адамның ұтымды қимылы сұңғыла шөптің қасиетіне ұқсас көрінгендіктен, осындай теңеу пайда болғанын жорамалдауға негіз бар.

             Мысы басу. Бұл тұрақты сөз тіркесінің мағынасы елдің бәріне түсінікті. Бірақ мұндағы «мыс» дегеніміз не? Бірден айтайық, оның металға еш қатысы жоқ. Түбіріне зер салсақ, «мыс» дейтініміз «быс, пыс, біс, піш» деген көне сөздердің фонетикалық өзгеріске ұшыған түрі екен. Мәселен, түсіндірме сөздіктерде «пышақ, пішу, пішендердің»  түбірі осы сөзден бастау алатыны айтылады. Бұл қандай да бір өткір құралдың жүзі, әлденені кесетін жағы деген мағынаны білдіреді. «Мысы қайту, мысы құру» деген фраза «жүзі қайту, жүзі қайырылу, мұқалу» деген мәнге ие. Адамға қаратылып айтылатын бұл идиома «амалы таусылу, беті қайту, айла-шарғысы жетпеу» тәрізді мағынаны береді. Этимологиясына тереңдесек, Махмұд Қашқари заманында және көне ұйғыр жазу ескерткіштері тілінде «бі» деген сөз «пышақтың жүзі, пышақ сияқты аспап» ұғымында қолданылыпты.

Жаңалықтармен бөлісу