19 июня, 2025
Мәслихат депутаттары былтырғы бюджет есебін бекітті

Мәслихат депутаттары былтырғы бюджет есебін бекітті

Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары 2024 жылғы аймақ бюджетінің қалай игерілгені жайлы есепті бекітті.

Қаражаттың қайда, қалай жұмсалғаны туралы облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина баяндады.

Жалпылама айтқанда, былтырғы жылдың облыс бюджетін игеру көрсеткіші жаман емес. Кіріс пен шығыс көрсеткіші көңілге қонымды. Мәселен, былтыр қазынаға 585,3 млрд.теңге кіріс кіріп, жоспар 100,6%-ке орындалған. Өткен жылмен салыстырғанда кіріс мөлшері 5,7%-ке өсті. Ал шығыстар 594,0 млрд.теңгені құрады. Шығыстың 46,2%-ы әлеуметтік салаға тиесілі. Мәселен, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға 274,3 млрд.теңге бөлінген. Бюджеттің үштен бірі – 223,0 млрд.теңге білім беру саласына бағытталды. Денсаулық сақтау саласының бюджеті 13,8 млрд. теңгеге тең. Соның 5,9 млрд. теңгесі денсаулық сақтау ұйымдарын жөндеуге, материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 21 ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункт және дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Үш денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу басталып, биыл аяқтау жоспарланған. 18 аудандық, 18 қалалық медицина ұйымы қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып, 16 санитарлық және 1 жедел-жәрдем көлігі сатып алынды.

«Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай, Арқалық, қалалары мен Қостанай ауданының Заречный кентінде тұратын балаларға арналған 4 мектептің құрылысы аяқталды. Былтыр Қостанай және Лисаков қаласында, Әулиекөл ауданында 3 балабақша пайдалануға беріліп, мектеп жасына дейінгі балаларға заманға сай жағдаймен тәрбие беруге мүмкіндік туды. 295 мектеп пен 58 балабақшаның материалдық-техникалық қамтамасыз ету деңгейі артып, 9 ұйымда көрделі жөндеу жүргізіліп, аталған мекемелерде оқыту-тәрбиелеу жағдайы жақсарды. Жалпы, былтырғы жылдың облыстық бюджетін игеру бойынша жоспар толықтай орындалды», – деді облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазина.

Мәслихат депутаттары кейбір жобалардың жүзеге асуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Мәселен, депутат Қырмызы Жаңбыршина «Береке», «Аэропорт» шағын аудандарында салынып жатқан, құрылысы әлі аяқталмаған екі мектептің жыры қашан бітетінін сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, мектептердің құрылысы 2025 жылы бітеді.

Бүгінде «Береке» шағын ауданындағы мектепте жаңа мердігер іске кіріскен. Депутат Александра Серғазинова Қостанайдағы облыстық балалар ауруханасының болашағы қалай боларын сұрады. Аурухана ғимараты бес жылдан бері қаңырап бос тұр. 2020 жылы басталған жөндеу жұмыстары тапсырыс беруші мен мердігердің арасындағы даудың кесірінен аяқталар емес. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіпті. Құрылысты аяқтау үшін республикадан қосымша ақша сұралмақ. Облыстық Қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында депутаттар тарапынан сұрақтар туындап, қызу пікірталас болғанына қарамастан былтырғы бюджеттің атқарылу есебі бірауыздан мақұлданды.

Қымбат ДОСЖАНОВА