«Күнде жұмысқа асығып келемін»

«Күнде жұмысқа асығып келемін»

Бұл – Құралай ханымның өмірге, ісіне, адамдарға деген көзқарасын білдіретін бір ғана ұстанымы. Ол Қостанайдағы педагогика институты тарих факультетінің түлегі, отыз жылдан астам уақытын оқу-ағарту саласына арнаған білікті мұғалім.

Еңбек жолы әлеуметтік қорғау жүйесінен басталып, кейін білім беру мекемелерінде әдіскер, филиал директоры қызметтеріне ұласты. Жылдар өте келе сүйікті ісін тапқанда нәзік жаны толық ашылғанын түсінді.

2009 жылы жұбайымен бірге ересектерге арналған оқу орталығын ашты. Бұл кезең адамдармен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдармен қарым-қатынасқа, жауапкершілікті терең түсінуге үйретті. Кейін жүрегі балалар әлеміне бет бұрды. Екі топтан басталған шағын балабақша көп ұзамай ата-аналардың сеніміне ие болды. Кезек көбейді. Сәбилер саны артты.

Балабақша өз үйінен басталып, көрші пәтерлерді жалдауға, кейін жеке ғимараттарды жалға алуға дейін өсті. Бұл жай ғана бизнес емес, әйел шыдамдылығының, отбасы қолдауының, үздіксіз еңбектің нәтижесі еді.

blank

«Жыл сайын балабақшадан түлеп ұшқан жеткіншектердің ата-аналары маған: «Осы деңгейде мектеп болса ғой…» деп жиі ұсыныстарын айтатын. Сол сөздер менің ішкі жауапкершілігімді оятты. Содан кейін ескі үй тұрған жер телімін сатып алып, ғимаратты сүріп, жаңа білім ордасының құрылысын бастауға бел будық. Қаржы жетпей қалған сәттер де болды. Бірақ, ең бастысы, ниетіміз бен сеніміміз жоғалған жоқ. Құрылыс жұмыстарының басы-қасында жұбайым күні-түні жүрді. Ал болашақ мектептің ішкі дизайнын өзім ойластырдым. Әр бұрышына аналық мейірім мен педагогикалық тәжірибемді салуға тырыстым. Есіктен кірген сәттен-ақ сол жылылық сезілсе екен дедім. Бүгінде «Әйгерім-ай» – 250 балаға арналған жеке мектеп, сондай-ақ 250-ден астам балдырғанға шақталған балабақшасы бар білім ордасы. Бастауыш сыныптарда бір сыныпта 20 баладан артық бала оқымайды», – дейді Құралай ханым.

Оның басты қабілеті – адамды, әсіресе баланы сезіне білу. Ол үшін білім тек бағдарлама емес, баланың ішкі әлемін ашу.

blank blank blank blank blank blank  Сондықтан ол басқа қалалар мен шетелдерге шыққанда арнайы мектептерді зерттейді. Жаңашыл тәжірибелерді енгізеді. Ата-аналармен ашық диалог құрады. Сапа мен сенімді бірінші орынға қояды.

blank

«Адам қырықтан асқанда немесе елуге таяғанда патриоттық сезімі оянады екен. Бұрын мұндай сөздерді пафос деп қабылдайтынмын. Ал жас келген сайын адам намыстанып, жауапкершілікті сезініп, өзін патриот ретінде тани бастайды. Егер әр адам осыны түсінсе, бәрін Президенттен немесе үкіметтен күтпей, ең алдымен өзінен бастайтынын анық. Жауапкершілік пен патриоттық сезім жылдар өте өздігінен қалыптасады екен. Кейде қатты шаршап, бәрін тастап кеткің келетін сәттер болады. Бірақ сол кезде «мен жасамасам, кім жасайды?» деген ой келеді. Кейде өз ойымнан өзім ұяламын. Жасым келді, өмірлік тәжірибем де мол. Ендеше мен неге оны бере алмаймын, неге бөлісе алмаймын деген сұрақ көкейді мазалайды. Өмірімде отбасы мен бизнес болса да, басқа адамдарға көмектесуге уақыт табу керек екенін түсінесің», – дейді ол.

 

«Қилы-қилы тағдыр бар»

Құралай ханымның әйел әлеміндегі тағы бір маңызды қыры – қорғансыз қалған қыз-келіншектерге әлеуметтік қолдау көрсету. Әйелдер күштері альянсы мен гендерлік орталықтағы қызметі оның жүректен туған ниетін көрсетеді. Үйінен қуылған, өмірден шаршаған немесе зорлыққа ұшыраған әйелдерге ол жай ғана кеңес беріп қана қоймай, нақты жол көрсетіп, бағыт-бағдар береді.

blank

«Қауымдастыққа келгенде біз әр әйелдің өзгелерге қалай көмек көрсете алатыны туралы сөйлесеміз. Мысалы, түрмеден шыққан немесе баласымен барар жері жоқ әйелдер бар. Ондайда біз бірігіп баспана іздеп, сол әйелге жеке психологиялық және бейімдеу жұмыстарын жүргіземіз. Кейде күйеуі үйден қуып жіберген әйелдер хабарласады. Оларды дағдарыс орталығына орналастырғысы келгенде, тұрғылықты мекенжайының болмауы кедергі келтіреді. Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармалары мен басқа да құзырлы органдарда қатаң бюрократиялық талаптар бар, сондықтан бәрінің шешу жолы табуға тура келеді. Кейде кешке қарай ғана әйелді әрең дегенде дағдарыс орталығына орналастырамыз. Әйелді үйінен қуған соң оған психологпен жұмыс істеуге, түрлі көмек көрсетуге тырысамыз. Бірақ бір аптадан кейін күйеуімен татуласып, қайтадан үйіне оралып кететін жағдайлар да болады. Сол кезде істеген еңбегіміз зая кеткендей көрінеді, өйткені әр әйел жалғыз қалудан, күйеусіз өмір сүруден қорқады. Сондықтан біз оларға жұмыс табуға, мамандық алуға көмектесеміз. «Маникюр шебері болғың келсе, курсын да, құрал-жабдығын да алып береміз» деп, сендіріп, алға жетелейміз. Әр әйелдің А нүктесінен Б нүктесіне жету жолы, дамуы нақты жоспарланады. Қорғансыз жандармен жүйелі түрде жұмыс істеу – ең маңыздысы», – дейді Құралай Шодорова.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Зарина Жұмағұлова, ҚӨУ студенті