Көкталдағы думан

Көкталдағы думан

Әулиекөл ауданының Көктал ауылында “Тың-2023” аудандық жазғы ойындары спартакиадасы өтті. Он үш ауыл мен ауылдық округтен келген 200-ге тарта спортшы 14 ойын түрінен тартысқа түсті.

            Осындай спорт ойындарын өткізу арқылы жастардың үлкен жарыстарға қатысуына жол ашылса, екінші жағынан халықты бұқаралық спортқа баулудың бірден-бір жолы. Ашылу салтанатында ауылдардан келген қатысушылар өз командаларын таныстырды. Әулиекөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Дидар Тлеубаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

            – Аудандық спартакиадаларды  өткізудегі мақсатымыз – халықты салауатты өмір салтына бағыттау, дене тәрбиесі мен спортпен айналысуға үгіттеу және ауылдық округтерде жүргізіліп жатқан жұмыстардың қорытындысын бағамдау. Ауданымызда бірнеше жылдан бері аудандық спартакиадалар ауылдық округтарда өткізілуде, міне биыл Көктал ауылында жалғасын тапты. Ауылдың әлеуеті жақсы. Ауыл тұрғындарының еңбектеріне табыс тілеймін. Спортшылар лайықты жүлде мен жеңістерді бағындыра берсін, – деді Дидар Тлеубаев.

Ауылда 500-ден аса тұрғын бар. Ауыл әкімі Марат Тайыпов халық қалауымен екінші рет осы лауазымға сайланған. Әкім ауылда жұмыссыздық атымен жоқ екенін айтады.

            – Жеті ірі шаруа қожалығы бар. Әкімшілік, мектептен бөлек тұрғындардың дені сол қожалықтарында жұмыс істейді. Барлығы жұмыспен қамтылған. Ауылдағы бес көшенің барлығы жарықтандырылған. Көп жерде шаруашылық иелері жәрдемдеседі. Екі жыл бұрын қожалық иесі Амантай Әбдібеков балалар ойын алаңын салып берді. Алдағы жылдары құны 20 млн болатын шағын спорт ойын алаңын саламыз. Ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп отыр. Жобалық құндық-құжаттамасы дайын. Келер жылы қаржыландыру болады. Медициналық фельдшерлік-пункт тыңнан салынады. Басты екі көшеге тас жол төселеді, – дейді Көктал ауылының әкімі Марат Тайыпов.

Айта кету керек, жергілікті шаруа қожалық иелері спорттық жарыстардың жеңімпаздарына демеушілік жасады. Қазақ күресі, ат жарыс сынды сайыстардың бас жүлдесіне кәсіпкерлер бір-бір тай беріп отыр. Оның сыртында екінші, үшінші орын алғандарға ұсақ мал мен ақшалай сыйлық тағайындалған. Ғазет Хасенов Көктал ауылының тұрғыны. Ол 1998 жылдан бері осы ауылдан қожалық ашып, басқарып келеді. Сондай-ақ, басты демеушілердің бірі.

– Егін, мал шаруашылығымен қатар айналысамыз. Көкталдың жері шаруашылық жүргізуге қолайлы. Халқы да еңбексүйгіш. Осы жылы жаңбыр жақсы жауды, егін де бітік шығады деп жоспарлап отырмыз. Жастарды осы салада еңбек етуге шақырамын. Ауыл үшін бұл думан іспетті. Сол себепті, барлық қызметкерлерге демалыс бердік, – дейді ауыл тұрғыны, қожалық иесі Ғазез Хасенов.

Әр жарыс түрінен жеңімпаздар 3 орын бойынша медальдармен марапатталды.  Әулиекөл аудандық спорт бөлімінің басшысы Дәулет Шәріпбаев алғашқы үш орын алған спортшылар облыстық спартакиадаға баратынын айтады.

– Ауылдардағы спорттық алаңдардың бәрінің жағдайы тең емес. Тозығы жеткендері де барын жасырмаймыз. Алайда соған қарамастан футбол, волейбол, қай спорт түрін алсақ та жастардың ойнау нәтижесі жаман емес. Ертең облыстық спартакиадада ауылдың жас спортшылары қатысатын болады, – дейді Дәулет Шәріпбаев.

Құдайберген Дәрменбаев қазақ күресінен үш қарсыласын жеңіп, бірінші орынды қанжығалады. Палуан күреспен айналыспағанына он жылдай уақыт өтсе де, әлі бабында екенін дәлелдеді.

– Көктал ауылында жұмыс істедім. Ауылдың намысын қорғап атынан шығып тұрмын. Күреспен айналыспағаныма он жылдың жүзі болды. Десекте “бақ шаба ма, бап шаба ма?” дегендей, қарсыластарымның бәрін жығып бірінші орын алдым, – дейді Құдайберген Дәрменбаев.

Әр жарыс түрінен ауылдардың ұпайлары есептеліп, нәтижесінде Әулиекөл ауданы бірінші орынды жеңіп алды. Ал, екінші орын Аманқарағайға бұйырса, Құсмұрын ауылы үшінші орынға тұрақтады. Спартакиада өткен Көктал ауылы төртінші орынды місе тұтты.

 

Спорттық шара соңы өнерпаздардың концертімен жалғасын тауып, ауыл тұрғындары түнде мерекелік отшашуды тамашалады.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

 

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы

 

Әулиекөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу