Н. Островский атындағы орталық қалалық кітапханасы жанынан құрылған «Зейін» оқырмандар клубы кезекті спикерлік кездесу ұйымдастырды.
Аталған клуб мүшелері әр апта сайын белгілі бір кітапты талдап, оның қоғамға айтар ойы мен тағылымын саралап, мазмұнын тереңінен түсінуге ұмтылады.
Нақтырақ айтқанда, клуб мүшелері арасынан бір қатысушы арнайы дайындалып, таңдалған шығарманы жан-жақты талдайды. Ал өзге қатысушылар ұсынылған пікірді тыңдап, кітаптағы негізгі идеялар төңірегінде өз ойларын ортаға салып, пікір алмасады. Осы жолғы кездесу барысында Ник Вуйчич «Өмірде шектеу жоқ» кітабы талқыланды. Аталған туынды – адамға жігер беріп, өмірге деген көзқарасты өзгертуге ықпал ететін мотивациялық еңбек. Кітап авторы – өз өміріндегі қиындықтарға қарамастан, адам мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеп, оқырманға үміт пен сенім сыйлайды. Кітапты талдаушы Гүлім Қартбайқызы өз сөзінде шығарманың негізгі мазмұнына тоқталып, оның өмірлік маңызын ерекше атап өтті.

– Бұл кітап – тек мотивациялық еңбек қана емес, адамның өзіне деген сенімін оятатын рухани құрал. Автор өз тағдыры арқылы кез келген қиындықты жеңуге болатынын көрсетеді. Әсіресе, жастарға бұл кітаптың берері мол. Себебі ол өмірдің мәнін түсінуге, мақсат қоюға және соған жетуге жігер береді, – дейді кітап талдаушы, клуб мүшесі Гүлім Қартбайқызы.
Кездесу барысында клуб мүшелері де өз әсерлерімен бөлісті.
– Спикерлік кездасуде біз көбіне өз мәселелерімізді тым үлкейтіп жіберетінімізді түсіндік. Ал автордың өмір жолы адамға қандай жағдайда да мойымау керектігін ұғындырады. Бұл шығарма маған өмірге деген көзқарасымды қайта қарауға әсер етті. Әсіресе, адамның мүмкіндігі шексіз екеніне көз жеткіздім. Ең бастысы – сенім мен әрекет, – дейді клуб мүшесі Қуандық Қабдуллин.

Осындай мазмұнды кездесулер арқылы Зейін оқырмандар клубы кітап оқуды насихаттап қана қоймай, қоғамда саналы, ойлы оқырман қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.
Тимур ШАГИРОВ,
ҚӨУ студенті
