Кешегі күннен елес көп. Ақиқат неге ашылмай отыр?

Кешегі күннен елес көп. Ақиқат неге ашылмай отыр?

Қазір тәуелсіз ел болдық. Қолымыз көп нәрсеге жетіп, рухани құндылықтарды сақтап қалу жолында күресіп жатқанымызға отыз жылдан астам уақыт өткен екен. Содан бері тарихшыларымыз не тындырды? Келешекке қалдырар көрнекті дүние жасай алды ма? Осы жайында Қостанайға келген  белгілі академик, тарихшы Ханкелді Әбжановпен сұқбаттасудың орайы келген еді.  

– Ханкелді Махмұтұлы Қостанай жеріне қош келдіңіз. Орайы келген сұхбат болғалы тұр. Сіз өз сөзіңізде «үш қасіреттің ақиқатын ашпай ісіміз алға баспайды» дедіңіз. Кешегі күнге үңілу, өткеннің құпиясымен астасып жататыны түсінікті. Осы тұңғиықтың түбінен бүгінгі ғалымдарымыз қажеттісін қаншалықты қалқып алып жатыр?

– Біз кезінде жерден айырылдық. Ол дегеніміз, тарихыңнан айырылу. Олармен бірге элитамыздан айырылып отырған жайымыз бар. Біз сөйтіп үрейге ұрындық. Жерден айырылғанымызды, ұлттық мақтаныштарымыздан айырылғанымызды, үрейден сөйлей алмай қалғанымызды егжей-тегжейлі анықтамай, соны еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін санасына сіңірмей, ақиқатты ешқашан айта алмаймыз. Біздің тарихымызда айтылмай қалған аңтаңдақтар баршылық. Енді қараңыз. Орыстар өзінің тарихына келгенде соғысты соғыс, көтерілісті көтеріліс, ұлыны ұлы, ұрыны ұры дейді. Бізге келгенде бәрі тігісі жатқызылып, империяның ыңғайына қарай бейімделіп айтылады. Мысалы, 1929-1931 жылдардағы оқиғаны көтеріліс деп келдік. Оның ақиқатын айтуға архив құжаттарын бермей отыр.  Ол шынында көтеріліс емес, азамат соғысы. Ұлт азаттық соғысы. Ол біздің халықтың дүлей күштен жеңілген тарихы. Осы оқиғаның біз әлі ақиқатын айтпай отырмыз. Өйткені ақиқат қағаздың бетінде. Сол деректер бәрі толық құпиясыздандырылған жоқ.

– Шындыққа бүгінгі қоғам қаншалықты қол жеткізді?

–Біз ақиқаттың бар болғаны жиырма пайызын ғана аштық. Анау шығып жатқан томдардың өзі көп болса сол тарихымыздың жиырма пайызы болар. Ашылмай жатқан тарих көп. Оны архивтің заңы бойынша жетпіс-сексен жылда ашу керек. Заң ғылымы бойынша қылмысты біле тұрып, айтпаған адам қылмыскер саналады. Біз соны біліп отырып, бетін ашатын қағаздарды бермей отырмыз. Жасырып отырмыз.  Оқулықтарымыз әлі күнге дейін тарихтан толық хабар бермейді. Әлі күнге дейін кеңестік заманның мақтау-мадақтауынан да арыла алмай келеміз. Бізде бәрін әдемі қылып көрсету ғана бар.

– Кешегі тарих беттеріне дұрыс саяси баға бере алмай отырмыз дедіңіз. Ол кездегі шындықты айтқан жан репрессия құрбанына айналды. Олардың санына толық көз жеткізе алмай отырғанымыз шынымен де қасірет емес пе?

– Осы жайлы бір сұмдықты білдік. Бұдан былай репрессияға ұшырағандардың құжатын тек туыстары ғана қарай алады деп жатыр. Ол туыстары тарихшы болса бір сірә. Әрі кетсе, өздеріне қатысты бір-екі  адамның ақиқатын білер. Ал ғалымдар үдерістерді кешенді зерттеп, жаңа пайымдарға баратын еді. Манағы ұлт азаттық, азамат соғысы деп отырғаным, бүгінгі ғылымға келмеген сөздер. Айтатын сөз, тарих беретін баға да жетеді. Сол көтеріліске байланысты, сол Алашқа байланысты, ашаршылыққа байланысты, соғысқа байланысты саяси баға берілу керек. Ол үшін ресми заң немесе  құжат қабылданса дейміз.

– Бұған қазір не кедергі болып тұр?

– Мемлекеттік саяси билік өзінің бағасын бермегендіктен, ұстанамын анықтамағандықтан әркім әртүрлі мифте сөйлей береді. Бұл әркімнің өз білгенін айтатын шаруа емес. Мемлекеттік тұжырым керек бұл жерде. Қазір тарихты зерттеме деп ешкім айтпайды. Ал құжаттардың бәрі ашылмай жатса, қайтып ақиқаты айтылады? Өткенде бір азамат маған телефон соқты. Алматыдағы бір журналға мақала берген болатынмын. Қарақұм көтерілісінде Айбарша деген әйелдің көзге түскені туралы жазылған. Ол құжаттар әлі толық құпиясыздандырылмаған. Сол себепті оның қайда жатқанын айта алмадым. Айтуға қақым да  жоқ еді. Жинақта ол құжаттарға сілтеме бермегенім де сол. Әйтпесе мемлекет құпиясын жариялап қойған боламын. Арада осындай кереғарлықтар бар. Сосын 311 мың адамды ақтадық дейді. Оның несін жасырып отыр? Бәрін жариялау керек қой. Аты-жөні, қашан тұтқындалды, қанша жылға сотталды, ақталды ма, жоқ па соның бәрін адамдар білу керек.  Осыны сұрасам, кәдімгідей жұрт ренжиді. Осы ақтаңдақтарды білмей, әйгілі тұлғаларымыздың өмірбаянын да дұрыс анықтай алмаймыз. Айтайық, Аманкелді Имановтың жары Балым қайда кетті? Оны ешкім білмейді. Біз бір ақтаңдақты жасырамыз деп екінші ақтаңдақтың бетін аша алмай жатырмыз. Біздің тарихымыздың осындай кемшін тұстары бар.

– Сіз «архивті цифрландфру керек» дедіңіз. Осы ойыңызды тарқатып айта кетіңізші.

–Кезінде қуғын-сүргінге байланыстырып айтатын болсақ, ол құжаттар арнайы тәртіппен сақталған ғимаратта жиналмады. Көрінген жерде жата берген. Ал архив құжаттары белгілі бір температураны, белгілі бір жарықты талап етеді. Ол кезде қоқыс пен шаң арасында жатты. Ауруға ұшырады. Сол замандарда сапалы қағазға жазыла бермеген. Сия, қалам дегенде сұрыптау болмаған. Мынау құжаттар іске жарамайтындай ауруға ұшырап жатыр. Енді әлемнің озық технологиясымен цифрландырмасақ болмайды. Алдағы замандарда бұл қағаз болмай қалайын деп тұр. Жазуы да өшеді. Қағаз да бұзылады. Осыны арнайы заңмен құтқару керек. Мәселен шығыс қолжазбалары деген бар. Иранда, Африкадағы Египетте реставрация жасаудың тамаша тәжірибелерін жинаған. Европаның техникасын неге іске қоспасқа? Бүгін шала-шарпы оқып отырған дүниемізді келешек ұрпаққа дайындап қоюымыз керек. Архивтің құнды құжаттарын қолға беру кешегі күннің тәжірибесі. Ұрлап кеткісі кеп тұратындар да болады. Цифрландырсақ бәрі ретке келіп, бәрі жеңілдейді.

–Жаңа репрессия құрбандарының саны миллионнан асады дедіңіз. Неге олар толық ашылып, айтылмай келе жатыр. Басты себебі неде деп ойлайсыз?

– Репрессия құрбандарын айтпауға басты себеп, ол құжаттар Ресей елінде. Осыған келгенде олар өте қырағы. Олар осы себепті архив құжаттарын беруді қойды. Ондағы деректерді алып кітабына пайдаланғаны үшін он жыл Ресейге бару құқығынан айырылады. Ксенжик Галина Николаевна деген ғалым кісі бар. Сол кісі 17-19 ғасырлардағы карталарды зерттеп, кітап қылып шығарды. Содан кейін Ресейге барғанда оны үш күнге қамап қойды. “Сіз біздің қорғаныс қабілетімізге нұқсан келтіріпсіз” деп айып тағыпты. Сөйтсе, ана жақтағылар кітапқа осындай қорытынды берген. Оған елшілік араласып әйтеуір босатты. Сол күні әуежайдан Қазақстанға қайтарып жіберген. Енді ол он жыл Ресей архивімен жұмыс істемейтін болды. Архив, тарих саясаттың аясына енгелі бейне бір көрінісі іспеттес болып қалды.  Ал ғылым мен саясат үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дүние екені осы мысалдан да көрініп тұр. Ғылым ақиқатты айтады. Саясат мезеттегі шешімдерді шұғыл қабылдайды. Кешегіні жоққа шығарады. Кезінде жоққа шыққан кейбір нәрселерді мақтайды. Саясаттың сегіз қыры бар. Ғылым ақиқаттың, жаңалықтың жаршысы. Біздің архивіміз саясаттың құралы секілді. Сосын көп құжаттарымыз Өзбекстанда да жатыр. Олар да қазір бермейді. Біз ұлттық деректерімізді сақтауға келгенде орашолақ екеніміз осыдан байқалады. Мәселен, көне, орта ғасырлардағы құжаттарымыз жоқ. Олар әлемнің әр бұрышында жатыр. Қайта Қытайдан, Ираннан, Ресейден келген қандас бауырларымыздың арасындағы  ғалымдар біздің тынысымызды кеңейтті. Себебі олар сол жақтағы архивтерді алып келіп отыр.

– Осы тұрғыдан алғанда, келешектегі ғылым қалай да бір пәрменді істерге қол жеткізу үшін жас ғалымдарға қандай бағыт сілтер едіңіз?

– Қазіргі ғалымдар ақиқатты ұлттық мүддеге сай айта алса деймін. Ол үшін ұланғайыр деректі, тілді білумен қатар, біздің қоғамға ұлттық дүниемен жұмыс істейтін методология қажет. Тарихтың тағылымын ұлттық мүддені ескерумен зерттесек ұтылмаймыз. Өкінішке қарай тарихымыз кешегі материалистік тұрғыдан, идеологиялық тұрғыдан зерттеледі. Кешегі құрсаудан толық шықпағанымыз осының айғағы. Ұлттық мүддесіз, ақиқатсыз ғылым болмайды. Болып жатқан нәрсені әскери операциямен жүзеге асырып жатса да соғыс деп айта алмаймыз. Ауызымызды құр шөппен сүртіп, оған көтеріліс деп қана баға береміз. Қара халықтан шыққан құрбандар мен қатысушыларды ұлтшылдар, діндарлар, анти кеңесшілер деп келдік. Халық қолына қару алған соң наразылығы, ашу-ызасы шектен шықты деген сөз екенін ескермейтініміз аянышты. Әрі-беріден кейін қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты заңды өзгертуімізге тура келеді.

– Неге олай дедіңіз, қазіргі қолданыстағы заң өз шеңберінен шыға алмай отырған тәрізді ме?

– Қазір 1993 жылғы заң тұр. Оны ешкім жоққа шығарған жоқ. Онда көтерілісте қолына қару алса ақтауға жатпайды делінген. Сонда ел ардақтаған, кешегі заң-закөн даттаған аңтаңдақтарымызды қашан толық ақтап алмақпыз. Мана шындық деп жатырмыз. Сол ақиқатты айтқан адамның бірі – Мұстафа Шоқай. Оны ешкім қуғындаған жоқ, өзі кетті деп баға берілді. Шындығында сол Мұстафа Шоқайдың  басқан  ізін  Сталин жеке қадағалап отырған. Оған біз Мұстафа Шоқай – ұлт күрескері деген баға беруіміз керек. Ал өкініштісі ол әлі жоқ. Міне, мәселе қайда жатыр?!

– Ойыңызды ашық айтқаннан опық жеген кездеріңіз болды ма?

– Жоға, мен ойымды ашық айтудан қорқатын жастан әлдеқашан кеттім. Ұлт үшін қызмет ете беремін. Ақиқатты айтқаны үшін адам қорықпауы керек. Осы жолда талай азаматтарымыз күйіп кетті. Тарихты жасайтын үш күш бар: билік, тұлға, халық. Осының ішінде өзгермей тұрғаны – билік. Сондықтан біз атқарар жұмыс әлі көп.

– Салиқалы әңгімеңіз үшін рахмет, Аға.

Әңгімелескен Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу