Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің журналистика кафедрасында «Kazakh Style» атты ерекше марафон басталды. Аталған шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық мәдениетін дәріптеу, студенттердің шығармашылық қабілетін арттыру және ұлттық киім элементтерін заманауи стильмен үйлестіру.
Бүгінгі таңда ұлттық стильге деген қызығушылық артып келеді. Осыған орай ұйымдастырылған бұл марафон студенттер мен оқытушыларға өздерінің ерекше талғамын көрсетуге мүмкіндік береді. Іс-шарада қатысушылар күнделікті киім үлгілеріне қазақтың ұлттық ою-өрнектерін, дәстүрлі әшекей бұйымдарын және этно стиль элементтерін қосып, өз образдарын ұсынады.
Марафон ережесіне сәйкес, наурыз айы бойы қатысушылардың стильді образдары бағаланып отырады.
Әр апта сайын ең үздік және креативті образдар таңдалып, журналистика кафедрасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланады. Бұл өз кезегінде қатысушылардың қызығушылығын арттырып, олардың белсенділігін көтереді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл марафон тек сән көрсетілімі ғана емес, сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени жоба болып саналады. Себебі ұлттық киім – халықтың тарихы мен дәстүрінің айнасы. Осындай шаралар арқылы жастардың бойында патриоттық сезім қалыптасып, ұлттық мұраға деген құрмет артады.
Марафонның қорытынды кезеңі наурыз айының соңында өтеді.
Сол кезде барлық талаптарды жоғары деңгейде орындаған қатысушылар арасынан үздік жеңімпаз анықталады. Жеңімпазға арнайы сыйлық ретінде кинотеатрға екі билет табысталады. Сонымен қатар, белсенді қатысушылар да назардан тыс қалмайды.

Бұл шара студенттердің шығармашылық ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, олардың өзіне деген сенімін арттыруға да ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай жобалар университет өмірін қызықты етіп, студенттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтады.
Ақерке АРЫСТАНБАЙ
ҚӨУ студенті
