Картинг- арнайы миниавтомобиль карттарында ұйымдастырылатын жарыс. Карт – спорттық шағын машина. Оның ұзындығы 1.6 м, ені 70 см, биіктігі 50 см болып келеді. Картинг спорты адамды машинаны жақсы жүргізе білуге, батылдық пен жинақылыққа баулиды.
Картинг барлық өңірлерде танымал, сондай-ақ біздің облысымызда да картинг 2015 жылдың 1-ші мамырынан бастап жұмыс істеп жатыр.
«Карт бір немесе екі орынды болады. Карт – салмағы 100 келіден аз болатын жеңіл көлік. Картингті екі негізгі санатқа бөлуге болады, олар – кәсіби жарыс спорты және барлығына арналған жалға берілетін картинг. Біз ашық ауада жалға берілетін электрлік картинг қызметін көрсетеміз», – дейді картинг қызметкері Владимир Анатольевич.
Карт жылдамдығы ашық жолда 200 км/сағ, кейбір жағдайларда тіпті 260 км/сағ, ал жабық жолда 90 км/сағатқа дейін жетеді. Әрине, жоғары жылдамдықты халықаралық жарыстарға қатысатын кәсіби спортшылар ғана пайдаланады. Егер балалар карты туралы айтатын болсақ, онда олар үшін белгіленген шекті шылдамдық – 100 км / сағ.
«Картингке 8-9 жас аралығындағы балалар және ересек адамдар бара алады. Қауіпсіздік ережесін сақтай отыра, картингте жақсы уақыт өткізуге болады. Ең алдымен, нұсқаушының ескертпелерін мұқият тыңдау қажет. Қауіпсіздіктің екінші маңызды шарты – арнайы қорғаныс құралдары мен киімнің болуы. Сондай-ақ, картингке барар алдында ыңғайлы киім және жалпақ табаны бар аяқ киім алуды ұмытпаңыз. Егер сіз барлық қауіпсіздік ережелерін сақтасаңыз және бастапқыда алынған нұсқауларды ескерсеңіз, картинг жарысы сізге қауіпсіз болады», – деп атап өтті Владимир.
Картинг – достар мен отбасы мүшелері үшін көңіл көтеру алаңы ғана емес, сонымен қатар уақытты пайдалы өткізіп, көлікті басқару дағдыларын және адамның өзіне деген сенімділігін дамытуға мүмкіндік беретін орын.
Ділназ Ізтелеуова,
Журналистика мамандығының студенті