Облыстан олимпиадаға ауылдық жерлерден келген 8-сыныптың 400-ден астам оқушысы қатысты. Іс-шара Әулиекөлдегі Ш. Уәлиханов атындағы мектепте, «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында және Ы. Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының базасында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар облыс бойынша 2900 сегізінші сынып оқушысының ішінен 427 бала іріктелгенін айтады.
2-кезеңнің нәтижесі — ең мықты әрі дарынды оқушыларға финалдық кезеңге жолдама береді. Дәл осы кезеңде республика бойынша 1000 бала анықталмақ. Олардың 70%-ы көпбалалы, толық емес және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардан шыққан.
«Финалға шыққан 125 бала Бурабайдың көркем аймағында орналасқан IQanat элиталық мектеп-пансионатында тегін білім алу грантына ие болады. Бұл мектеп халықаралық мектептер кеңесінің мүшесі болып саналады. Ондағы білім берудің халықаралық стандарттарға сай екенін дәлелдейді. Тағы 125 оқушы жартылай грант алып, Advance арнайы бағдарламасы бойынша білім алады. Ал қалған 750 финалист IQanat жобасының қатысушылары ретінде тарихта қалады. Олимпиада финалистері келесі 3 жыл бойы бағдарлама қамқорлығында болады. Оларды пәндерді тереңдетіп оқу, ағылшын тілін жетілдіру, ҰБТ мен халықаралық емтихандарға қарқынды дайындық күтіп тұр. Қазақстандағы және шетелдегі гранттар мен тағылымдамалар туралы кең ақпарат алып, көшбасшылық және IT дағдыларын дамытады. Мотивация мен өзін-өзі ынталандыру, soft skills қалыптастыру, кәсіпкерлік негіздерін үйрену сияқты бағыттарды қамтитын 3 жылдық постолимпиадалық бағдарлама күтеді», – дейді «IQanat» білім беру қорының аймақтық үйлестірушісі Гүлнара Берсүгірова.
Осындай сапалы академиялық дайындықтың арқасында IQanat бағдарламасына қатысқан балалардың 94%-ға жуығы Қазақстан мен шетелдің үздік университеттеріне грантқа түседі.

Қазіргі таңда IQanat түлектері әлемнің 19 елінде білім алуда.
