Қазір дін мәселесі тек мешіт пен шіркеу аумағымен шектелмейді. Смартфон мен интернет арқылы әр адамның қалтасына кірген. Және сол қалтада не бар екенін көбіміз біле бермейміз…
Облыстық дін істер басқармасы жанындағы діни проблемаларды зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, діни-экстремистік және террористік баптармен сотталған азаматтар арасында Жітіқарадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар бар. Жалпы мақала жазар кезде Қылмыстық-атқару жүйесі Қостанай облысы бойынша департаментіне сауалхат да жолдадық. «Ақпарат таратылмайды» деген жауап келді. Ойымыз жаза басқан жандармен тілдесіп, басқаларға сабақ болса екен деген ниет еді. Бірақ жазасын өтеп жатқандармен үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқан теологпен тілдесудің сәті түсті.
«Біз апта сайын жазасын өтеп жатқандармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сол кезде олар ашық айтып жатады: «Бостандықта жүрген кезде интернеттегі уағыздарды тыңдадық. Ол жақта бәрін қорқытып, ата-анаға қарсы қойып, мешітті мойындамайтын насихаттар айтылды. Біз оны «нағыз дін» деп қабылдадық. Ал енді сіздер әкелген кітаптардан оқып, шын діннің мүлде басқа екенін түсіндік». Кейбірі ата-анасымен сөйлеспеген, ешкімнің қолынан тамақ ішпеген, «қазақ – адасқан халық» деп санаған. Енді сол адамдармен жеке-жеке жұмыс істеп, Абай, Шәкәрім секілді тұлғалардың діни көзқарастарын, Құранның түпкі мағынасын түсіндіру арқылы көзқарастары өзгеруде», – дейді теолог Әсет Нұғыманов.
Ресми деректерге сүйенсек, жастардың басым бөлігі діни білімді мешіттен емес, YouTube, Telegram, TikTok сияқты платформалардан алады. Ал бұл алаңдарда кім уағыз айтып жатыр? Қайсысы рұқсат етілген, қайсысы тыйым салынған ақпарат – көбіне ақ-қарасын ажырата бермейді.
Қостанай облысында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, жастардың арасында интернеттегі уағызшылардың пікірі – мешіт имамдарының сөзінен «қызығырақ», «өткір» көрінетінін айтқан. Дәл осы «қызық» идеялар – дінді қатаң радикалды бағытта қабылдататын тұзақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
