Жітіқара политехникалық колледжінің оқытушылары мен білім алушылары Қытай Халық Республикасында халықаралық тағылымдамадан өтті. Шетелдік сапарға ERGSkills халықаралық чемпионатында жоғары дайындық деңгейін көрсеткен үздік қатысушылар жіберілді.
Тағылымдама барысында қатысушылар заманауи өндіріс технологияларымен танысып, өз кәсіби дағдыларын барынша жетілдіріп қайтты. Яғни, «Электр жабдықтары және өнеркәсіптік автоматика» құзыреттілігі бағыты бойынша тағылымдамаға студент Руслан Байтуов пен оқытушы Елдос Ябыков қатысты.
Оқу кезінде олар электр қозғалтқышының жұмысын бағдарламалауды, айналу жылдамдығын реттеуді және реверсивті режимдерді іске қосуды меңгерді. Сонымен қатар, заманауи элементтерді қолдана отырып, автоматты реттеу схемасын жинақтады.
Ал, «Дәнекерлеу технологиялары» құзыреттілігі бағытында студент Александр Гадлевский мен оқытушысы Меңдібай Байтышев білімін толықтырды. Тағылымдама барысында олар жеңіл автокөлік өндірісінен бастап ауыр құрылыс және тау-кен техникасын жасауға дейінгі дәнекерлеудің заманауи әдістерімен танысты.
Қытайдағы BYD және SANY зауыттарында дәнекерлеу жұмыстарының 95 пайызын роботтандырылған технологиялар атқарады екен. Бұл ретте автоматтандырылған процестерді бағдарламалау мен бақылау мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Мамандардың айтуынша, мұндай халықаралық тәжірибе болашақ жұмысшы мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, өндірістің цифрлануы жағдайында сұранысқа ие дағдыларды қалыптастыруға жол ашады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
