Ғылым мен инновацияның айнасы

Ғылым мен инновацияның айнасы

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Ғылым күніне арналған баспасөз туры өтті. Іс-шара университет қабырғасындағы ғылыми-технологиялық парк пен зертханаларда студенттер мен ғалымдардың тың жобаларын таныстыруға арналды.

Жергілікті жоғары оқу орнының ғылыми-технологиялық паркінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен зертханалық жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда теория мен тәжірибе қатар өріліп, жас зерттеушілер өз жобаларын нақты өнімге айналдыра алады.

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-дің Ғылыми зерттеулер, инновация және цифрландыру жөніндегі проректоры Жеңіс Жарлығасов соңғы үш жылда университетке 4 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілгенін атап өтті. Қаражаттың 85%-ы ғылыми зерттеу жабдықтары мен зертханаларды ашуға жұмсалуы тиіс.

Баспасөз өкілдері алдымен инновациялық зертханаларды аралап, жас ғалымдардың ғылыми ізденістерімен танысты. Жобалар әртүрлі бағыттарды қамтиды: ауыл шаруашылығын цифрландыру, экологиялық мәселелерді шешу, өндіріс саласын дамыту. Соның ішінде ерекше назар аударған құрал – салмағы бір тоннадан асатын алып микроскоп, елде тек екі данасы бар, құны 300 млн теңге.

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ Инновациялық технологиялар институтының директоры Әлия Ысқақ бұл алаңның студенттер мен оқытушыларға идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін, заманауи құрал-жабдықтар жас ғалымдардың ғылымға деген құштарлығын арттыратынын айтты.

blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank blank

Баспасөз туры қатысушыларға университеттің ғылыми әлеуетін көрсетіп қана қоймай, өңірлік ғылымның даму бағытын бағалауға мүмкіндік берді. Жас ғалымдардың белсенділігі мен идеяларға ұмтылысы ерекше әсер қалдырды. Мұндай іс-шаралар қоғам мен ғылым арасындағы байланысты нығайтып, ғылыми жетістіктерді кеңінен насихаттауға жол ашады. Ең бастысы, олар жас ұрпаққа шабыт беріп, білім мен ізденіске деген қызығушылығын арттырады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Аружан СЕРІК,

ҚӨУ студенті

Суреттерді түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ