Тарихи тұлғалар. Әдетте осы санатқа ғасырлар бойы аты дүйім жұртқа әйгілі болған бірегей тұлғаларды жатқызамыз. Дұрыс. Сонда да көкейде бір сұрақ тұрады: осы қатарға енгізу үшін міндетті түрде өткен заманның адамы болу керек пе?
Уақыт жүйрік. Бүгінгі күн ертең тарих. Ал сол тарихты жасайтын қарапайым адамдар емес пе.
Тәуелсіз Қазақстанның қаз тұрып, қалыптасуының бастапқы кезеңінде-ақ қажырлы еңбегімен, парасат-пайымымен, маңдай терімен аса жауапты өзгерістердің, ауқымды реформалардың нақты іске асуына септігін тигізіп, халықты жетелеп, өскелең ұрпаққа жеке басының тағылымымен тәрбие берген, жолбасшы бола білген ағалар қаншама! Тәуелсіздіктің бастауындағы ұйқысыз түндері мен тынымсыз күндердегі атқарылған істеріне әділ баға бере алдық па? Өле-өлгенше ұлт мүддесі үшін деп таянбай-талмай қызмет еткен қоғам қайраткерлеріне тарихи тұлғалар легінде ойып орын бере аламыз ба!? Алысқа бармай-ақ, елдің ертеңін айқындайтын 90-шы күрделі жылдары көшбасшы рөлін иығымен көтеріп, жаңғыру мен жаңару уақытының бастауында жанқиярлық жұмыс жүргізген ұлы адамдардың еңбегі ұмытылмаса екен. Оның бағасын келешек ұрпақ берер деп ұзынсонарға салған да дұрыс демеймін.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихын бастап жасаушылардың қатарында ардақты ұстазым, Әулиекөл өңірінің Құрметті азаматы, есімі бүкіл республика көлеміне мәшһүр Сақтаған Досмағамбетов те бар.
«Мен өзім Қажмағамбеттің кенжесімін,
Бір үйдің асау тайдай еркесімін.
Балалық жын қуумен өткен шығар,
Бұл күнде топты бастар серкесімін,» — деп жырлаған Сақтаған Қажмағамбетұлы Әулиекөлдің заңғар бір тұлғасы. Аға туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас. Өйткені, Досмағамбетовтің өзі бір әлем болатын. Досмағамбетовтей шешендікпен сөйлеп, Досмағамбетовтің шеберлігіндей жазу тек осы кісінің үлесіне тиген жеке тұлғалық ерекше қасиеті еді.
Ол дарыны бөлек, сөзі ерек, кең ауқымды, жан-жақты, сан-салалы тұлға болатын. Тұла бойы телегей-теңіз талант. Кесек бітім. Бар болмысының әр саласы қыр-сырына терең үңілместен-ақ құлаш-құлаш мақалаларға арқау боларлық еді. Бірақ мен үшін үстазым туралы сөз айту күрделінің күрделісі.
Досмағамбетов әлеміне кіре қою оңай емес. Көп ойландым, көп толғандым. Қолымдағы қалам Ұстазымның көркем кескінін ақ қағазға мөлдіретіп түсірді.
ЖАЗУ – ӨНЕР БІТКЕННІҢ СҰЛТАНЫ
Сақтаған Қажмағамбетұлы аудандық газеттің ең белсенді авторларының бірі емес, бірегейі еді. Газетсүйер қауым жарық көрген дүниесін іздеп тауып оқитын, не жазды екен деп күтіп жүретін. Сөз дариясының тұңғиығына шомылдыратын мақалалары оқырман дүниетанымына жаңа бір рухани серпіліс беруші еді. Ағайдың бір ерекшелігі толассыз ізденгіштігі. Сол қазынасын түйдек-түйдегімен оқырманға тасқындатып төгіп жататын. Қазақ тілінің тасқайнарынан буырқанып шығып жатқан ғажайып тіл байлығына еріксіз тәнті болатынбыз. Оқыған сайын шұрайлы да нәрлі сөздік қоры баурай беретін. Сөз қасиеті қонған қаламгердің әр жазғаны, салиқалы ой түйген мақалалары көкірегі ояу оқырманға тәбәріктей болатын. Қоғамдағы келеңсіз, бойымыздағы жағымсыз шымбайға батар жәйттер қырғи қалам иесінің назарынан тыс қалған емес. Уытты сөзді төгіп-төгіп, күйіп-жанып жазатын. Әр сөзінен шоқ шашырап, от лапылдап тұрушы еді. Әулиекөлдің бас бармақтай үлкен әріпті азаматтары жайлы жазған дүниесінің әр сөзінен қынаптан суырған алмас қылыштай шабыт жарқ ететін.
Қаламы нағыз наркескен семсердей еді.
Заман, өмір, адамгершілік хақында өзіндік қағида-тұжырымдарын, оқыған-тоқығанын, небір даналық қанатты сөздердің телегей-теңізін жібек жіпке тізген моншақтай етіп жариялайтын. Дарыны мейлінше ғибратты болатын.
Журналистика қаламы демікпеген, шабыты сарқылмаған көркемсөз зергері Сақтаған Досмағамбетовтың қаламгерлік еңбегінің бір қыры ғана болатын. Ақындығы өз алдына тұтас бір дүние емес пе еді. Поэзиядағы құлашының ауқымын газет көлеміне сыйдыру мүмкін емес.
ЗЫМЫРАП БӘЙГЕ АТЫНДАЙ…
Сөз қадірін өз қадірім деп білетін аға сөйлесе жалтақтамай, ойын көзіңе тура қарап кесіп айтатын. Ащы айтсаң билікке, тұщы айтсаң елге жақпайсың дегендей, алқалы жиынның алдына шығып толымды сөз айту С.Досмағамбетовтың аузынан ғана шығатындай көретінбіз. Ең мәнді де жанды жерін мүлт жібермей дәл басатын қырағылығы таңғалдыратын. Небір көшелі топта кібіртіктемей сөйлеп, тарыққанды демейтін, жабыққанды жебейтін. Ой мен сөздің сәнін түзеген жасаулы керуендей көрінетін. Кез келген ортада, кез келген орайда, кез келген мінберден тауып сөйлеп, көңілдің хошын көтеріп тастаушы еді-ау. Төгіле сөйлегенде тамсандырып, аспаннан меруерт жауғандай сөз құдіреті баурап, ерекше күйге бөлейтін. Талай мерейтойларда адам жанын байытатын тамаша баяндамалар жасап, қалың елдің алғысына кенелді. Теңізде жүрген кемедей көсіліп, әр сөзін алпыс екі тамырдан тартып, талдап, талғап, толғап сөйлегенде тыңдарманды тебірентіп, әңгімені тұздықтатып-тұздықтатып жіберетін. Тыңдай бергің келеді, тыңдай бергің.
Арқауы алтын сөз шешені бәйге атындай бапты-күйлі қалпынан танбайтын. Қашан көрсең, қолында қаламы, қойнында дәптері болатын.
СОМ АЛТЫННЫҢ СЫНЫҒЫ
Қазақта ежелден келе жатқан тектілік деген бір түсінік бар. Байдың не патшаның баласы болу тектілік емес. Текті жанның қадір-қасиеті тамыры терең, сезімі тұнық, өресі биік парасаттылықтан бастау алады. Білімді іздесең — табасың, тәрбиені көрсең — аласың, ал тектілік деген асыл ұғым сатылмайды.
Тау бұлағындай төгілген көркем ой, шешен сөз иесі тереңнен ойлап, байыппен сөйлейтін өр мінезді, бетке ұстасаң беделің, арқаңа тоссаң панаң, небір өнегелі істің басында, өміршең шаралардың қасында, той-думанды дүбірлетіп өткізуге де, басқа түскен қайғы-қасіретті жеңілдетуге де бар болмысымен араласып, көңілін көзқарасымен ұқтыратын, ішкі мәдениеті мол, дініне берік Сақтаған Қажмағамбетұлы Шақшақ Жәнібек сынды сом алтынның сынығы. Кезінде жыр сайысында, сөз сайысында топ жарып шыққан тарлан. Әр сөзінде, әр ісінде, аттап басқан әр қадамында өжет намыс өрекпіп, өр Тарханның қаһарман рухы атой салып тұратын.
Жан дүниенің мөлдіріне лай түсірмей жүре алу, көкірекке сонша сыр, көңілге сонша жыр тұндыра білу екінің біріне тартылмайтын сый-сыбаға. Сақтаған Қажмағамбетұлы Тәңірім иіген дәл осындай жан еді. Қалай шиырсаң да, алшы түсетін қорғасын сақадай шып-ширақ-тын. Өте жинақы. Ешнәрсені ұмытпайтын. Уақытына өте мұқият болатын. Ешқашан кешікпейтін. Уәде берсе, орындайтын. Қай іске кіріссе де жанын салатын, қашан орындағанша шыр-пыр болып мазасызданып, күндіз күлкісін, түнде ұйқысын бұзатын. Сөзіне берік. Қалай айтса да, тауып айтатын. Жаңсақ сөйлемейтін. Ең бастысы, жеттім, болдым, толдым демейтін.
НАРДЫҢ ЖҮГІ
Кісі өмірдегі орнын өзі табады. Өзінің бағасын өзі безбендейді. Досмағамбетовтің қоғамдық қызметі өз алдына бір ғалам болатын. Тізбектеп мақала көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Бәріңізге аян, Елбасы, Мәжіліс, Сенат депутаттары, Әулиекөл топырағынан шыққан бүгінде аты әлемге мәшһүр оқымысты, ғалым алтын сақа ұлдары мен сүттің бетіне шыққан қаймақтай ару қыздары жайлы ең толымды, ең сүбелі сөзді айта білген тек Сақтаған Досмағамбетов. Азаматтық биіктікті, адамгершілік ұстанымды Жаратқан Ие бір басына үйіп-төгіп бере салған.
Ел басқарған азаматтардың жанында акыл-парасаты мол, әділ де адал, білгір де орнықты, халықтың арасында беделі бар адамдардың жүргені абзал. Ендеше біздің Сақтаған ағай аудан әкімінің кеңесшісі деген нардың жүгін абыроймен көтере білді. Өзінің ана тілін, ата жерін, баба дінін, ұлтын, әдебиетін, мәдениетін, тарихын қадір тұтып, мақтан етер ердің саяси-қоғамдық белсенділігі таңданыс тудырмайды. С. Досмағамбетов осы биік тұғырда да тиімді жұмыс жасай білді. Халықтың көкейіндегіні өзіне тән көсемсөздік шеберлігімен, бүгінгі күн шындығымен, қоғам міндетімен аса зергерлікпен ұштастырып, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет атқарды.
Ұзақ жылғы еңбек жолында шыққан биігі: мұғалімдердің V республикалық съезінің делегаты, Бүкілодақтық физиктер конференциясының қатысушысы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, білім бөлімінің басшысы, газет редакторы, аудан әкімінің кеңесшісі.
ӨРДЕН ТҮСПЕС ҚЫРАН
Сынаптай сусыған сумақай уақыт-ай. Ағалық ардақты асудан асып, аталық мерейлі кезеңге көтерілген шағында келместің кемесіне мініп мәңгілік мекеніне жүре барды.
Ауылды жерде тұрып-ақ мағыналы өмір сүрудің үлгісін көрсетіп, жан дүниесінің әуенін бұзбай, тереңнен ойлап, тура айтқан, тіке қарап, түзу жүрген зиялы аға, заңғар аға, сардар аға, Алла рақымына бөлесін.
Артыңызда ел-жұртыңыз, ормандай шәкірттеріңіз, әулетіңіздің тізгінін ұстаған ұрпағыңыз тұрғанда киелі Әулиекөл топырағында ізіңіз өшпес.
Түйіндеме. Атақ, мадақты сатып алу мүмкіндігін берген бүгінде тарихи тұлғалар қатарына тек орден иегерлері енеді екен дейді ұзынқұлақ. Дұрыс та шығар. Бірақ кезінде еңбегі еленбеген, атақ-мансапқа таласпаған, бірақ елім-жерім деп жарғақ құлағы жерге тимей еңіреп өткен қарапайым патриоттар қайда қалды, егер туған ауылында Рабочая, Заводская, Индустриальная деп «сайрап» тұрған бір көшеге атын беруге болмаса!?
Гаухар Аязбаева
