Тобыл станциясы өңіріміздегі халық саны мол шоғырланған аумақ. Бүгінде ұзын саны жеті мыңдай адам тұрады. Бес бағытты бекеті бар елді мекен тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті осыдан он жыл бұрын пайдалануға берілген “Ажар” мешітіне Республикалық тас жолында тұрғандықтан сырттан адам көп қатынайды. Мешітте жолаушыларға арналған барлық жағдай бар.
Демалыс бөлмелерінде тіске басардан дәм татып, кітапханаға ай сайын тұрақты түрде келіп тұратын “Иман” журналы мен “Мұнара” газеттерімен сауаттарын ашады.
“Діни мерекелерге келушілер көп. Жыл сайын оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылардың есебінен халық саны ұлғайып жатыр. Келер жылы асхана салу жоспарда бар. Сыртқы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. “Содружество” ЖШС, “Тобыл” коммуналдық кәсіпорны, Тобыл Жол дистанциясы, жоспарлау техникалық бөлімі, “Астана” жылу электр компаниясы, Депо, өрт сөндіру пойызы, элеватор, ПЧ-34, пойыздарды қалпына келтіру мекемесі , т.б ұжымдар, жеке кәсіпкерлер мен мешіт жамағаттары көмектерін үзбей қол ұшын беріп жатыр”, – дейді мешіт имамы Расул Назаров.
Расул Айбекұлының “Ажар” мешітіне қызметке келгеніне төрт жылға жақындаған.
“Бірінші Алла, екінші ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың ақ батасымен жұмыс алға басып келеді. Жамағаттың білім деңгейі жақсы. Алланың жолына бет бұрған жастарымыз да көп. Бес уақыт намазын оқып, уағыздарын ұйып тыңдап, құранды жақсы үйреніп келе жатыр. Мешітке көмектесіп жатқан ағаларымызға Алла разы болсын. Әрдайым қол ұшын беріп, кемшілікті білдірмей, керекті заттарымызды алып беріп жатыр. Коммуналдық жағдайымызға қолғабыс етеді. Гүлзат апамыз мешіттегі тазалық жағына шынайы ықыласымен жәрдемдесіп, “Ажар” мешітінің ажарын келтіріп жүр”, – дейді мешіт имамы.
Мұндағы жамағаттың ауыз біршілігі өзгелерге үлгі боларлық. Ғибадатхананың ішкі-сыртқы жұмыстары осы жамағаттың көмегінен артылмайды. Қысты күні қар тазалауға жәрдемдессе, жазды күні гүл суаруға бір кісідей жұмыла кіріседі.
Былтыр темір жол вокзалында жолаушыларға арнап намазхана да ашылды. Дәрет алатын жері келушілер үшін қолайлы.
Жергілікті тұрғын Леча Мовсаровтың жасы бүгінде 67-де. Шешен ұлтының өкілі. Жылдар бойы Қазақстан Темір Жолы АҚ-да еңбек еткен Мұңайтпас Батырбекұлына, Абай Алпысбайұлына алғыс айтады. Мешіт ашылғалы ғибадат орнының тұрақты жамағаты.
“Осында бес уақыт намаз оқимын. Жол бойында әрі жылы. Мешітті ұстауға қолдау көрсеткені үшін жергілікті ұйымдарға алғысым шексіз”, – дейді Леча Мовсаров.
Жергілікті жамағаттың бірі Ордабек Өмірзақов бұл жаққа Қызылорда облысынан қоныс аударған. Темір жолда жұмыс істейді. Мешітке барып жүргеніне жеті жылдай болыпты. Содан бері жұма намаздары мен діни мерекелерге белсенді атсалысып жүр.
Міне, осындай жүректеріне иман ұялаған жамағаттың ғибадат әрі татулық орнына айналған “Ажар” мешітіне биыл он жыл толды.
Ел бірлігі жастарға үлгі болып, өткен-кеткен жол бойындағы келушілердің қатары көбейе түссін. Рухани мәртебеміз биіктеп, әрдайым гүлдене берсін!
Айбек Ғалымұлы