Меңдіқара орталықтандырылған кітапхана жүйесінің орталық аудандық кітапханасында қазақ халқының тамаша педагогі, белгілі ағартушы, көрнекті жазушы, білгір аудармашы, гуманист Спандияр Көбеевтің 145 жылдығына арналған «Көрнекті ұстаздың ұлағаты» атты тағылымды кеш өтті.
Л. Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері іс-сапармен аталмыш іс-шараға қатысып, Спандияр Көбеевтің ұстаздық, азаматтық өмір жолы мен шығармашылық еңбектері жайлы мол мағлұмат беретін «Абзал ағартушы, тұңғыш жазушы» атты тақырыпта, кітапхана қорынан жасақталған кітап көрме ұйымдастырды. Қарымды қаламгер Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті», – демекші, көрмеге кемеңгер ұстаздың өмірі мен қызметін айшықтайтын жазушының кейінгі буынға қалдырған мұралары, кітаптары қойылды. Меңдіқара ауданының Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының оқушылары «Абзал ағартушы, тұңғыш жазушы» кітап көрмесіне қойылған С. Көбеевтің «Қалың мал» романының желісімен сахналанған көрініс әзірлеп қойды. Қазақ ауылындағы ескілік салт пен әдет-ғұрыптарға қарсы үн көтерген, қазақтың жазба әдебиеті тарихындағы тұңғыш роман саналатын еңбекті жас буын, оқырман жүрегіне қойылым арқылы жеткізе білді. Салтанатты шараның қадірменді қонағы болған Спандияр Көбеевтің немересі Куанышбек Нәзірұлы Көбеев өлкетану әдебиеттері бөлімі жасақтаған кітап көрмесіндегі «Орындалған арман» атты қаламгердің мемуарлық кітабына тоқталып, атасы жайлы жылы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Боровской облыстық санаторлық мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтыншаш Қарабайқызы Есетова халқын мәдениетке, оқу-білімге ұмтылдыруды көздейтін жазушының таңдамалы шығармаларына тоқталып, ағартушыға арналған өзінің тырнақалды туындысын да оқыды. «Алдымда туып-өскен ауылым. Сол ауылда қолымнан келгенше мәдениет шамшырағын жақпақшымын. Бір кездегі өзім сияқты, кіршіксіз, таза, уыз тілекті жас жеткіншектерді оқытып, солардың көзін ашып, ғылым жолына, мәдениет соқпағына түсіремін деп асығып келемін». Қостанайдан өз ауылына қайтып келе жатқан жас Спандиярды өз халқына деген үлкен сүйіспеншіліктен осындай ойлар бойын билеген» – дейді, әдебиеттанушы ғалым, сыншы, академик Серік Қирабаев өзінің «Спандияр Көбеевтің өмірі мен жазушылық қызметі» атты еңбегінде.
Ғаббас Жұмабаев атындағы Боровской мектеп-гимназиясының оқушысы Мадияр Нұрмағамбетов кітап көрмеде ұсынылған Серік Қирабаевтың бұл еңбегіне көз жүгіртіп, өз пікірін білдірді:
«Бала күнімнен ұстаз болуды армандап, алдыма айқын мақсат қойып, білім қуып өсіп келемін. Туған еліме, жеріме адал қызмет етіп, артына өшпес із қалдырған ұлы ұстаз Спандияр атамыздың ізін жалғағым келеді».
Өлкетану әдебиеттері бөлімінің қызметкерлері ғалым, тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың «Спандияр Көбеев тағылымы», сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің «Ұстамды ұстаз» естелігі, Меңдіқара ауданының тумасы, қарымды қаламгер Сәлім Меңдібайдың «Педагог-жазушы С. Көбеев туралы толғауы» және тағы басқа да көркем әдебиеттер мен мерзімді басылым беттеріндегі мақалаларды кітап көрмеге қойып, іс-шара қонақтарына таныстырып, жақынырақ оқып шығуларына мүмкіндік берді.
Көрмеде ұсынылған ақпараттар мен іс-шарадан алған деректерден соң Спандияр Көбеевтің мұрасының бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын және әлі де қызығушылық тудыратынын дәлелдейді.
Ботакөз Дүйсембаева,
Л. Н. Толстой атындағы
Облыстық әмбебап кітапханасы өлкетану әдебиеттері
бөлімінің кітапханашысы