Қостанайда қазанның бірінен бастап тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. IKomek ахуалдық орталығына 400-ден аса қала тұрғыны пәтердің салқындығын айтып, жылу берілсін деп хабарласқан. Ал бүгінде 17 әлеуметтік нысанға өтініштері бойынша жылу берілген. Қала әкімі Марат Жүндібаев кезең-кезеңімен жылу беруді бастау жөнінде тапсырма берді.
“Қостанай жылу энергетикалық компаниясы жылыту маусымына әзір. “ҚазМұнайГаз “ҰК” АҚ–мен 371 млн теңгеге қосымша 3 227 тонна мазут сатып алуға келісім-шарт жасалды. Қосымша 7 335 тонна мазут қоры бар. Шағын қазандықтар үшін 121,16 млн теңгеге 317 тонна көлемінде дизель отынын сатып алу жұмысы жалғасып жатыр”, – деді “Қостанай жылу энергетикалық компаниясы” директорының міндетін атқарушысы Азамат Аужанов.
Қалалық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте компания директорының м.а. жоспарланған жобалардың жүзеге асу барысын баяндады. Бар-аяғы 24 жоба қолға алынған. Оның 15-і кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр.
“Бүгінде 18 жоба сәтті аяқталды. Оның 10-ы жылу көздерін жөндеу жобасы болса, қалған сегізі желілерді жөндеу бойынша. Қазіргі таңда алты жоба аяқталу сатысында. Магистарьлдық жылу желілерін қайта құру бойынша үш жоба іске асырылып жатыр. ЖЭО-2 ТМ-20 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмысы шілде айында басталған еді. Қазан айының 5-6 күндері жұмыс толық аяқталады. Құрылыс жұмыстары кезінде 72 тұрғын үй ыстық судан ажыратылған еді. Жылыту маусымы басталғанда ол үйлерге толық жылу беріледі. Ал Чкалов, Гашек көшелеріндегі ТМ-23 жылу магистралінің учаскесін қайта жаңғырту ісі тамыз айында басталған. Жылыту маусымында 38 тұрғын үй де жылусыз қалмайды. Летунов көшесіндегі жылу магистралінің учаскесін қайта жаңғырту ісімен астаналық мердігер ұйым айналысып жатыр. Нысанда қажетті материалдар уақытылы жеткізілген. Жылыту маусымы басталғанда жылуға бес тұрғын үй қосылады”, – деді Азамат Аужанов.
Марат Жүндібаев атқарылып жатқан жұмыстар жылыту маусымына кедергі келтірмеуін қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың шағымы ескерілуі керек екенін айтты.
“Қазанның бірінен бастап кезең-кезеңмен жылу беруді бастаңыздар. Ал әлеуметтік нысандарға жылу беру ісін үдете түсу керек. Өйткені, күндіз жылы болғанымен, түнде ауа температурасы айтарлықтай төмендейді. Сонымен бірге, жобалардың сапалы, тиянақты аяқталуын бақылауға алыңыз. Жылыту маусымы басталар шақта кемшілік болмауы керек”, – деді Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев.
Қыркүйек айының 25-нен бастап абоненттердің өтінішімен 17 әлеуметтік нысанға жылу берілген. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен атқарылмақ. Алғашқы үш күнде 148 әлеуметтік нысаннан 14 балабақша, бір интернат пен спорт және әлеуметтік қорғау саласындағы екі мекеме жылуға қосылған. Сондай-ақ, Азамат Аужанов 1 қыркүйектен басталған “Қарызды төле – тұрақсыздық айыбын үнемде” акциясы 31 қазанға дейін жалғасатынын еске салды. Осы жылдың 1 қыркүйектегі жағдай бойынша берешектің толық көлемін төлеген қала тұрғындарына тұрақсыздық айыбы ретінде есептелген соманың 100 пайызы есептен шығарылады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр жылыту маусымы үшінші қазаннан басталған еді.
Сералы Мырзабай
Суретті түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ