Отан үшін от кешкен, биік парызға дақ түсірмеген ардагерлер жолы қасиетті де қастерлі. Сол бір сұрапыл кезде елін, жерін жаудан қорғаған майдангерлердің қатары жылдан-жылға сиреп келеді.
Өткен күннің ауыртпалығын көтеріп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді еске алмау, тағзым етпеу мүмкін емес. Бес жыл бойы соғыс өртін бастан өткерген екінші дүниежүзілік соғысының ардагері әкем Кәрім Жабықбайұлы Торғайдың Қызбел ауылында дүниеге келген. Әкесі Жабықпай 1931 жылы қайтыс болған.
Анасы Ақжүніс Тұрмағанбетқызы бес баламен қалыпты. Балалары – Байғуат, Кәрім, Мұхтар, Зағыпар, Сапамен 30-жылдардың бас кезінде ашаршылық жылдары өз туған жерлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Сөйтіп Ресейге,Татарстанға, Башқұртстанға , Челябі облысына қоныс аударған. Қиыншылық жылдары анасы екі кішкентай баласы- 7 жастағы Зағыпар мен 5 жастағы Сапаны Қостанайдағы балалар үйіне амалсыз тапсырған. Осы уақытқа дейін олардың бар-жоғы бізге белгісіз.
Кәрім Жабықбайұлы өзінің еңбек жолын Челябі облысы Златоуст қаласындағы зауытта, одан кейін Увельск ауданы Нижняя Увелка стансасында кірпіш зауытында слесарь болып бастаған. Қажырлы еңбегі үшін әлденеше рет марапатталған. 1937 жылы 4 ай бойы Шұбаркөл қаласында әскери дайындықта болған. 1941 жылы 22 маусымда Челябі облысы Увельский аудандық әскери комиссариатынан 1-ші шақыруда соғысқа аттанды. Карелиядағы Петрозаводск қаласына келген соң Карело-финск майданына 1307 атқыштар полкына атқыш-мерген қылып жіберген.
1942 жылғы шайқастың бірінде Архангельск облысы Медвежьегорск қаласының маңайында сол жақ аяғынан, бетінен ауыр жарақаттанып , Архангельск госпиталында 7 айдан артық емделіп жатады. 1942 жылы тамыз айынан бастап 137-ші сапер-құрылыс полкінде сапер болған. Осы мамандықпен жеңіс күніне дейін шайқасқан. 1944 жылдан Жеңіс күніне дейін 3-ші Белоруссия майданы Минск, Прибалтика, Латвия, Литва, Эстония, Шығыс Пруссия және Венгрия Будапеште күрес операцияларына қатысады. Германияның Кенигсберг қаласын алуға қатысқан. Германияны жеңгеннен кейің Жапония соғысына жіберілген. Соған байланысты 1945 жылдың 1-ші маусымынан бастап қыркүйек айына дейін Россия-Иркутск Забайкалье майданы құрамында Чита, Байкал көлінде, Улан Удэ қаласында ұрыстарда болады. Жапонияны жеңгеннен кейін бұзылған үйлер, жолдар, көпірлерді қалпына келтіру жұмыстарына қатысады. 1945 жылы қараша айының ортасында әскерден босатылып , елге оралды. Әкем –Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Бір көзінен айырылған.
Отан алдындағы борышын өтеудегі ерлігі үшін алған наградалары баршылық.
«Ерлігі үшін»,
«Кенигсбергті алғаны үшін»,
«Германияны жеңіп алғаны үшін» медальдарымен марапатталды.
1 дәрежедегі Ұлы Отан соғысының,
1941-1945 ж соғыс ардагері ордендерін тақты. Мерейтой жылдарында алған медальдары да бір төбе.
Соғыстан кейін Кәрім Жабықбайұлы бұрынғы жұмыс істеген орны Челябі облысы Еманжелинск қаласына қайтып оралады. Батурин өндірістік көмір карьерінде монтажшы және басқа да жұмыстар атқарған. 1972 жылы 2 маусымда зейнеткерлікке шықты. Сол жылы Семиозер ауданындағы «Қазанбасы » совхозына қоныс аударып, шопан болып жұмыс істейді. Жоғары көрсеткіштері үшін алғыс хаттармен марапатталып, Құрмет тақтасына ілінген. 2000 жылы 22 қарашада 86 жасында дүниеден өтті. Жұбайы Нұрқатима Жүнісқызы екеуі алты бала тәрбиелеп өсірді. 23 немересі, 49 шөбересі бар.
Өз Отанын сүйген патриот ,рухы мықты әкеміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Сабит Кәрімұлы Темірбеков