Биыл Қостанай қаласында 25 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны мүгедектігі бар адамдардың ыңғайына қарай бейімделді.
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова дүйсенбілік аппарат кеңесінде айтты.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қатысты көп міндеттемені мойнына алды.
Конвенция аясында мүгедектердің құқықтары мен негізгі бостандықтарын толық пайдалануға жағдай жасалып, оларды қолдау, қорғау және ар-ожданын құрметтеу жолға қойылды. Әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне де ерекше көңіл бөліне бастады. 2015 жылы Қостанай қаласында азаматтар ең көп баратын 158 нысан мүгедектердің ыңғайына сәйкес бейімделді. Жергілікті атқарушы орган аталған жұмыстарды 2021 жылдан бастап күшейтті және келесі жылы жоспар аяқталмақ.
«Биыл қала аумағындағы маңызды 25 нысанды бейімдеу жоспарланды. Оның 21-і білім беру, екеуі денсаулық сақтау, қалған екеуі мәдениет саласына қатысты нысан. Қазір жоспар толық орындалып, 25 нысанның қолжетімділігі талапқа сай жасалды. Осы жылдар ішінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мүгедектерге қолжетімді әлеуметтік нысандардың, көліктердің, инженерлік инфрақұрылымның саны 129-ға жетті. Бүгінде бейімделген нысандар 81,6%-ды құрап отыр», – деді Қостанай қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақбөпе Манатова.
Келер жылы тағы да 29 нысанды мүгедектердің ыңғайына қарай бейімдемек. Тамыз айында барлық бизнес субъектілеріне 29 нысанның 2026 жылға арналған бейімдеу жоспарына енгізілгені жөнінде жазбаша хабарламалар жіберіледі. Осылайша 2021-2026 жылдарға жоспарланған жұмыс 100% орындалмақ.
Ақбөпе Манатованың айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігіне қойылатын негізгі талаптар бар.
Қысқаша айтқанда, нысандардың кіре берісінде пандустың немесе көтергіш құрылғының болуы міндетті, барлық баспалдақтар мен пандустардың екі жағында тұтқалар болуы қажет, сыртқы есік табалдырықтарының биіктігі 1,4 см-ден аспауы керек, мүгедектер үшін қол жетімді есіктің ені кемінде 0,9 м болғаны жөн. Әжетханалар ішінде шақыру түймесі, ұстауға арналған тұтқалар, керек-жараққа арналған ілмектер орнатулы тиіс.
Қымбат ДОСЖАНОВА
