Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге болып жүрген ардақты аналарымыздың бірі – Пушаева Нинагүл Қосжанқызы.
Ол 1961 жылы 1 ақпанда Бұқара облысы, Тамды ауданы, Аяққұдық совхозында дүниеге келген. Көпбалалы, қарапайым отбасында тәрбиеленген Нинагүл Қосжанқызы жастайынан ізденімпаз, еңбекқор болып өсті.
Білімге деген құштарлығы оны ұстаздық жолға жетеледі. БПИ факультетінде жоғары білім алып, 1978–1982 жылдары туған жерінде мұғалімдік қызметін бастады. Жас ұстаз еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен көзге түсіп, мектептегі оқытушылық қызметпен қатар комсомол комитетінің хатшысы, пионер вожатыйы, ауылдық әкімшілік округіндегі әйелдер кеңесінің жетекшісі сияқты қоғамдық жұмыстарды да абыроймен атқарды.
1982 жылы Тамды ауданының Жүзқұдық ауылына тұрмысқа шығып, отбасы құрып, ұстаздық жолын жалғастырды. Еңбек жолында бірнеше мәрте алғыс хаттармен, сертификаттармен марапатталды. Бес баланың ардақты анасы.
2014 жылы Нинагүл Қосжанқызы тарихи Отанына қоныс аударып, Қостанай облысы, Рудный қаласына көшіп келді. Мұнда да еңбектен қол үзбей, №13 орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып 5 жыл жұмыс істеді. 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанымен, қоғамнан шет қалмай, белсенді өмірін жалғастыруда.
2022 жылдан бері «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық жобасының Қостанай облысы, Рудный қалалық филиалының төрайымы қызметін атқарып келеді. Оның бастамасымен қаладағы 100-ден астам ана бір ұйымға бірігіп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, ұмыт қалған әдет-ғұрыптарды жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Аналар құрамынан құрылған ансамбль аудан-қалаларды аралап, халыққа ұлттық өнерді, салт-дәстүрді таныстырып жүр. Качар кентінде, Лисаковск қаласында, Жітіқара ауданында өткен шаралар – соның айғағы.
2024–2025 жылдарға да ұйым үлкен жоспар құрып отыр. Әсіресе, жастардың бойына ұлттық болмысты сіңіру, қазақы тәрбиені дәріптеу басты мақсат болып табылады.
Жақында, 2025 жылдың 24 тамызында Алматы облысы, Қаскелең қаласында Дінмұхамед Қонаев атындағы үлкен іс-шараға арнайы шақырылып, ерекше марапатқа ие болды. Республикалық «Өркениет әлемі» қоғамдық бірлестігінің президенті Алма Серікқалиқызының қолынан Нинагүл Қосжанқызына «Ұлы Дала қайраткері» ордені табысталды. Бұл – оның көпжылдық еңбегіне берілген лайықты баға.
«Мен үшін ең үлкен марапат – елдің ықыласы мен ұрпақтың алғысы. Қазақтың дәстүрін сақтап, жастарға жеткізу – әрбір ананың парызы», – дейді ардақты ана.
Бүгінде Пушаева Нинагүл Қосжанқызы – тек отбасына ғана емес, тұтас өңірге, елге үлгі болған тұлға. Оның еңбегі – ұлттың рухани қазынасын сақтап, болашаққа аманаттауға қосқан зор үлес.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
