Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасы қарқын алды

Қостанайда «Кітап оқитын ұлт» жобасы қарқын алды

Облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі Заңғар Санай «Кітап оқитын ұлт» жобасының өңірлік фронт-кеңсе жетекшісі ретінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы тілшіміз Шұға Қоңқабайға айтып берді.

Жоба Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда ұсынған идеясы негізінде жүзеге асырылуда. Бұл – үш өңірде пилоттық түрде қолға алынған тың бастама. Алты бағыт бойынша (мектеп, колледж, университет, педагог, әулет, мемлекеттік қызметші) байқау ұйымдастырылып, қатысушылар 100 кітаптан тұратын арнайы тізім бойынша шығармалармен танысады.

Жобаға қатысушылардың саны бастапқы жоспардан асып, бүгінде 55 мыңнан асты. Әсіресе мұғалімдер белсенділік танытып отыр. Қатысушылар кітап оқып, эссе жазады, зияткерлік сайыстарға қатысады. Эсселердің түпнұсқалығын тексеру үшін пікірсайыс форматында қосымша бағалау шаралары өткізіледі.

Жоба аясында Тобыл-Торғай өңірінің қаламгерлеріне арналған үш томдық жинақ жарық көрді. Бұл кітаптар бастауыштан жоғары сынып оқушыларына дейінгі жас ерекшеліктеріне сай әзірленген. Жобаға арнайы қаржыландыру қарастырылмаған, алайда ынта-жігердің арқасында көптеген мектептерге тегін таратылып жатыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін алты бағытқа жауапты менеджерлер тағайындалып, ұйымдастыру жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Облыстық кезең келесі жылдың 5 наурызына дейін аяқталып, жеңімпаздар наурыз айында марапатталады.

«Келер жылдың 20 ақпанына дейін аудандық және қалалық іріктеу кезеңдері өтеді. Ал бесінші наурызға дейін облыстық деңгейдегі финалдық кезең ұйымдастырылады. Соның қорытындысымен, наурыз айында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді деп жоспарланып отыр», – дейді бұл туралы Заңғар Санай.

Заңғар Санай бұл жобаны бұған дейін қолға алынған «Оқитын ел – озатын ел» бағдарламасының жалғасы, ұлттық идеяны өңірлік деңгейде нақты іске асырудың бір үлгісі ретінде бағалайды. Сұқбаттың толық нұсқасын газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.