Елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері пайда болады

Елімізде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған көмек кабинеттері пайда болады

Қазақстан бойынша зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға арналған мамандандырылған көмек кабинеттері ашылмақ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұл кабинеттерде кәмелетке толмағандарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетілетінін хабарлайды.

«Балаға қолайлы ортада алғашқы психологиялық көмектен бастап сот-медициналық сараптамадан өтуге және бейінді мамандардың қатысуымен сауалнама жүргізуге дейінгі барлық қажетті қызметтер бір жерде көрсетіледі. Бұл оның көптеген ұйымдарға бару қажеттілігін жойып, психологиялық тұрғыдан қайта жарақат алуына жол бермейді», – деп түсіндіреді ведмоство өкілдері.

Аталған жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енеді. Жақын арада кабинеттердің қызмет қағидалары бекітіліп, содан кейін өңірлерде оларды кезең-кезеңімен ашу жоспарланып отыр.

Әуелі заң аясында зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке, буллингке ұшыраған немесе оның куәсі болған кәмелетке толмағандарды анықтау және оларға көмек көрсету қағидалары әзірленген. Құжат осындай балаларды анықтау тәртібін, оларға көмек көрсету тетіктерін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, 111 байланыс орталығының, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен өңірлік уәкілдердің өзара іс-қимыл алгоритмдерін айқындайды.

Бұл ведомствоаралық жедел әрекет етуге және балаларға уақтылы кешенді көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.