Дәстүрлі садақ атудан ҚР спорт шебері, жаттықтырушы Аяулым Аппазова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаңашар ауылында өткен ел біріншілігінде үздіктердің қатарынан көрінді.
Жарыс өте тартысты әрі жоғары деңгейде өткенін айта кету керек.
Республиканың түкпір-түкпірінен мергендер жиналған бәсекеде 60 метр пута нысанасын көздеуде қарағандылықты алға жіберіп, екінші орын алды. Нысананың қалқан түрінде 50 метрден шеберлік байқасқан Аяулым ұлытаулық спортшыға жол берді. Осылайша Қостанайдың қоржынына жекелей сында екі бірдей күміс жүлдені сыйлап отыр.
Бүгінде «SAQ – Sadaq atu Qostanai» федерациясының президенті болып қызмет атқаратын Аяулым дәстүрлі садақ ату бойынша «Алтын Тұғыр-2023» сыйлығының «Үздік спортшы» номинациясының иегері екені баспасөз беттерінде жарық көрді.
Алайда ежелден халқымыздың қанында бар бұл өнерді серік еткен Аяулым садақты қолына алғаш рет 29 жасында ұстағаны көпшілікке беймәлім болуы мүмкін.
«Барлығы Астанада өткен шеберлік сабағынан басталды. Маған ұнады, алғашқы нәтижелерім де жақсы болды. Осыдан соң жаттығуға кірістім, жарыстарға қатыстым. Арада біраз уақыт өткен соң өз туған өлкемде осы спорт түріне балаларды үйретуді ұйғарып, Қостанайдан мектеп аштым», – дейді Аяулым Аппазова.
Міне, осылай Қостанай облыстық дәстүрлі садақ ату мектебінің негізін қалады.
Аяулым Жұмағазықызы Қарамеңді өңірінің тумасы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Былтырғы жарыстарда 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль иеленген үздік спортшы. Румынияда өткен Дәстүрлі садақ атудан Әлем кубогінде – «Қалқан» стилінен 1 орын, «Жамбы» әдісімен 2 орын алды.
Ересектер мен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатынан «Пута» нысанасы бойынша чемпион атанды. Осы бәсекеде «Жамбы» нысанасынан 2 орын алған болатын. Еліміздің ұлттық спорт түрлерінен ұйымдастырылған VI Фестивальде «Пута» нысанасы бойынша қола жүлдені еншіледі.
Бүгінде Аяулымның 30-дан астам шәкірті бар. Дәстүрлі садақ ату мектебінің ашылғанына үш жылдан енді ғана асса да, көптеген сайыстарда жоғары нәтижемен көрініп жүр.
Мәселен, осы жарыстағы командалық сында “Жамбы” нысанасы бойынша Қостанай облысы1/4 финалында өнер көрсетті. Астана және Қарағанды құрама командаларын жеңіп, атыраулық командамен тең түсті. Қарымта кездесуде атыраулық құрама командасы 1/2 финалына жолдама алған еді.
Бұл жарысқа барлығы әр облыстан 16 команда қатысты. Әр топта 4 командадан болды. Осылардың арасынан 1/8 финалға алғашқы жолдаманы алған – қостанайлық жерлестеріміз.
Ары қарай 8 команда арасында тартысты сайыс өтті.
“Біз Атырау командасымен сайысқа түстік. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Әр өңірден келген мергендер арасында бәсеке өте күшті болды. Атыраулық мергендер осы ҚР Чемпионатында ең үздік команда атағына ие болды. Жалпы Қостанай облысының атынан 8 спортшы бардық. Бізден Аялуым Аппазова мен Юлия Леоненко 1/4 – ке дейін өтті. Менде жартылай финалға қалқан нысанасында 3 ұпай, жамбыда 1 ұпай жетпей қалды”, – дейді Аяулымның шәкірті, облыстық құраманың мүшесі Аруна Сәбитбек.
Айбек ЖҮЗБАЙ