7 мамыр – Отан қорғаушылар күні – бұл тек әскери киім киген азаматтарды ғана емес, еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барлық ерлер мен ер мінезді жандарды ұлықтайтын күн. Бүгін біз осындай абыройлы міндетті қатар атқарып жүрген ерекше жұппен – 6697 әскери бөлімінің жауынгерлері Диас Іргебаев пен Зарина Елтаевамен таныстырғымыз келеді.
Диас пен Зарина – әскери ортада табысқан, бір мақсат пен бір мүдде жолында қызмет етіп жүрген жас отбасы. Екеуінің де өмірлік таңдауы – ел қорғау, тәртіпке бағыну, жауапкершілік пен ерлік жолында бірге болу.
– 7 мамыр – екеуміз үшін де ерекше мереке, – дейді Диас. – Бұл күн біздің мамандығымызбен ғана емес, жүрек қалауымызбен тікелей байланысты. Біз әскери салаға жүрегімізбен келген азаматтармыз.
Зарина да өз ойымен бөлісті:
– Мен үшін Отан қорғау – тек ер-азаматқа тән міндет емес. Қазіргі таңда қыз-келіншектер де ел үшін қызмет ете алады. Әскер – ерлік пен тәртіптің мектебі. Бұл саланы таңдағаныма еш өкінбеймін.
Жұбайлар бір бөлімде қызмет етудің жауапкершілігі мен ерекшеліктері туралы да ашық айтты. Жұмыста – әріптес, өмірде – жұбай. Олар үшін ең бастысы – бірін-бірі түсіну, қолдау және бір мақсатқа қызмет ету.
– Қызмет пен отбасыны қатар алып жүру оңай емес. Бірақ ортақ түсіністік пен құрмет бәрін жеңілдетеді, – дейді Зарина.
Сұхбат барысында екеуі де әскери өмірде кездескен есте қаларлық сәттерімен бөлісті. Диас үшін – бөлім қауіпсіздігін қамтамасыз еткен кезекшілік сәті, Зарина үшін – алғашқы дербес тапсырманы орындаған сәті үлкен жетістік болып қалған.
– Біз үшін “Отан” – жай ұғым емес. Бұл – қорғауға, құрметтеуге, жан аямай қызмет етуге тұрарлық қасиетті ұғым, – дейді Диас.
– Отан – жүрегіміздегі сенім мен мақтаныштың аты, – деп толықтырды Зарина.
Иә, бұл жұптың өмірі – тек әскери қызметтің ғана емес, нағыз патриотизм мен ерлікке тәрбиенің үлгісі. Ел тыныштығы жолында бірге қызмет етіп жүрген ерлі-зайыптылардың бірлігі мен ерік-жігері жастарға ой саларлық.
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын! Әр сарбаздың қадамы берік, жүрегі отаншыл болғай!
Жанбосын НОҒАЕВ,
Тимур ШАГИРОВ
ҚӨУ студенттері