Денисов ауданы Перелески ауылында спорттың барлық түрі дамыған. Ауыл жастары әсіресе шайбалы хоккейден чемпионаттарға қатысып, үздік атанып жүр.
Балалар бос уақыттарында мектеп және мәдениет үйіндегі екі шағын спорт залда шынығады. Бір әттеген-айы, жаттығу залдары тозған.

Қыста іші азынап кетеді. Ауыл жастары денешынықтыру-сауықтыру кешенінің қажеттігін айтып жүргелі біраз болыпты. Болашақ спорт нысанының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген, бірақ оны салуға жергілікті бюджетте басы артық қаржы болмай тұр. Ауыл балаларының арманы ақиқатқа айналар күн туса игі. Нағыз чемпиондар осындай ауылдарда жүруі мүмкін ғой. Оларды демеп, кәсіби жаттығу залдарын жасақтап берсек несі жаман?!

«Қалаларда үлкен денешынықтыру-сауықтыру кешендері көптеп салынып жатқанын байқап жүрміз. Ауылдар да тасада қалмаса екен. Себебі біздің ауылда барлық спорт түрі дамыған. Біздің жігіттер республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінуде. Болашақ чемпиондардың кәсіби тұрғыда шынығуына жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан ауылымызда денешынықтыру-сауықтыру кешенінің салынғанын қалаймыз», деп сөзін нақтылай түсті ауыл әкім.
Дана жұртымызда «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар. Бұл теңеу Перелески жұртының дәл сипаттамасы.
Ауыл тұрмысы мен халық тіршілігі біте қайнасып, қыздың қос бұрымындай қатар өріліп жатыр. Туған жерін түлетуге үлес қосып жүрген азаматтары қандай белсенді дерсіз.

«Сарыағаш» шаруа қожалығының директоры Өтеген Мұртазин ауылды абаттындыру ісіне тұрақты демеушілік жасайды. Осы ауылдың тумалары қазір басқа қалаларда тұрып жатса да туған жеріне көмек қолын созуды перзенттік парыздары санайды. Мысалға менің сыныптасым Марат Бурумбаев қазір Астанада тұрады. Ол өз қаражатына құрылыс материалдарын алып, ауылдағы мұсылмандар зиратының қасына шағын баспана тұрғызды. Ата-баба басына құран бағыштап, аруақтарды зиярат етуге келгендер сол үйге бас сұғып, діни рәсімдер жасай алады. Белсенді азаматтардың қатарында Алмат Дюсибаевты айтар едім. Ол жас та болса бас болып ауылда мешіт салу туралы бастама көтеріп отыр. Үлгілі іс жасауда кейінгі толқын да қалыс қалып жатқан жоқ. Анна Дробот бастаған еріктілер жасағы «Демалыс аймағы» деген жоба дайындап, оны іске асыруға 100 мың теңге ұтып алды. Аталған қаржыға мәдениет үйінің қасына орындықтар орнатылды», – дейді ауылдың байырғы тұрғыны Сәуле Қожахметова.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суреттерді түсірген Василий Васильев
