Өмір болғасын күнделікті әртүрлі жағдайлар болып жатады. Соның ішінде тосыннан төтенше жағдайға тап болып, айтарлықтай зардап шексе де мұң-зарын ұғар ешкім таппай зар илеп жүрген жандар қаншама. Арқалық қаласының тұрғыны, мемлекеттік кәсіпорынның көлік жүргізушісі М- деген азамат 2023жылы 24 тамызда іссапармен Қостанай қаласына барады. Зардап шектім деген жанның өзінің айтуынша Федоровка трассасынан бұрылып, жаңа«Береке» мөлтек ауданында келе жатқанда сол жақ бүйірінен ақ түсті джип көлігі келіп соққан. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері келеді. Мәселенің мән-жайын анықтайды.
«Жол көлік апатынан менің екі қабырғам сынды. Көлігімді қатты соғып, бардюрден әрі шығарып жіберді. Патрульдік полицейлер келіп, тексеріп, сызбасын жасады. Жол көлік апатына себепші Қ-деген азаматқа:«Сіз кінәлісіз, жол ережесі бойынша, бұл жерде оң жақтан келе жатқан көлікті өткізіп жіберуіңіз керек еді», –деп түсіндірді. Ол кісі оған келіспегенімен «Жол апатына кінәлісіз» деп жүргізушілік куәлігін алып қалды. Менің жүргізушілік куәлігімді өзіме қайтарып берді. Әрі қарай, мәселені сот қарап шешеді”, –деді. Одан кейін, мен үшін әуре-сарсаң басталды. Қалалық соттың бірнеше отырысы өтті. Сот шешімдерінде «екі көлік екі жақтан келіп, абайсызда соғысқан»сияқты етіп, «ешкім кінәлі емес» деп тең қып шешім шығарды. Бұл жерде менің көлігімді соққан машина иесінің анық кінәлі екенін толық айта аламын. Полиция қызметкерлері және оқиға болған уақытта көрген адамдар куә. Мен ол уақытта көлік ішінде жалғыз болғаным жоқ. Жанымда басшым болған. Содан соң, қалалық соттың шешімдеріне наразылығымды білдіріп, облыстық сотқа шағымдандым. Облыстық сот тағы осы тектес шешім қабылдады.Бұл жерде сөздің тоқетері бұрмалаушылық болды деп есептеймін. Соттардың жалаң түрде шығара салған шешімдерімен келіспеймін. Тіпті, мені жан құрлы көрмейді. Сот отырыстары да мен қалағандай мемлекеттік тілде өткен жоқ. Кей отырыстарын менің қатысуымсыз онлайн өткізе салды. Патрульдік полициялары болса істі қайта қараймыз деп шақырады. Бұл жерде бір шикілік болып тұр»,– деп мұңын шағады қырық жылға жақын тәжірибесі бар, бірінші санатты көлік жүргізушісі.
Азамат М:
«Мен кінәлі болсам дауласпас едім. Жылдамдықты асырған жоқпын. Тақтайдай тегіс жолда, ашық-жарықта 20-30 – бен келе жатқанмын. Үлкен жол, жаңа мөлтекаудан болғандықтан жол белгілері, бағдаршамдар мен бейнебақылау қондырғылары ол кезде әлі қойылмаған. Мені «ауладан шықты», – дейді. Олай емес, тура жолда келе жатқанмын. Қазір өз жағдайым жақсарғанымен үкіметтің машинасына қатты залал келген. Мені соққан көлік жүргізушісі 40 – пен келдім дейді. Олай болса, уақытымен тоқтатуға болар еді. Ол 100 – бен қатты жылдамдықпен келді. Полициялар кінәсін айтқанмен мойындаған жоқ. Маған «Сен неге қатты жүрмейсің?»- дейді. Ауыл – аймағында қатты жылдамдықпен жүруге болмайды. Ол жерде жаяу жүргіншілерден басқа жол белгісі жоқ. Ақырын келе жатса, жылдамдықты тежеп үлгерер еді. Аттың басын да тартып тоқтатуға болады ғой. Ақырын келіп соқса, осындай бола ма? Жай ғана сырып тоқтар еді ғой. Ал, ол болса қатты келіп соққандығы сондай,менің көлігімді жол жиегіндегі бардюрден де әрі шығарып тастады. Мүгедек бала өсіріп отырған отбасымын. Қарап жүріп, босқа зардап шеккім келмейді. Қандай жағдайда да оқиғаға себепші тарап болады. Кінәліні тауып, анықтасын. Сол себепті, қалалық, облыстық соттардың шешімдеріне қанағаттанбай еліміздің жоғарғы сотына арыздануға мәжбүр болып отырмын»,– деп жанайқайын жеткізеді.
Соған қарағанда, бұл істің әділдігін енді жоғарғы сот анықтайды. Иә, қалай дегенменде, жазықсыз жандар жапа шекпесе екен…
М.Бекетұлы
Арқалық қаласы