1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Қостанай қаласындағы «Әуежай» шағын ауданында кең көлемді мерекелік іс-шара өтті. Бұл игілікті бастаманы ұйымдастыруға қалалық мәслихат депутаты Гүлвира Жазитқызы, «Қамқор» ассоциациясы, сондай-ақ Аэропорт-4 және Герасимов көшесі, 12 мекенжайындағы белсенді тұрғындар мұрындық болды.
Мерекелік іс-шараны өткізуге ОСИ төрағасы Сайлау Асылбаев пен «Әуежай» шағын ауданы тұрғындарының бастамасы түрткі болған. Олардың ұсынысымен Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашылары ұйымдастырған «Сәлем, Жаз!» атты іс-шара көрермен көңілінен шықты.
Балғындарға шаттық сыйлаған бұл күннің шымылдығы көңілді ойындармен түрілді. Балалар арасында әдеби викториналар, жұмбақтар сайысы, түрлі спорттық жарыстар мен эстафеталар өткізілді. Қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айту сайысы да көптің қызығушылығын тудырды. Үздік шыққан балаларға тәтті сыйлықтар мен қаржылай марапаттар үлестірілді.
Мерекені өткізуге демеушілік көрсеткендер қатарында « У Джубы» ЖШС (Қостанай қаласындағы энергия үнемдеу саласындағы инженерлік мекеме) және «Аэропорт-28» тұрғын үй кешенінің ОСИ мүшелері де бар.
– Балалар – елдің болашағы. Олардың амандығы мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау – біздің басты парызымыз. Осы мерекеге атсалысқан барша жанашыр жандарға ризашылығым шексіз, – деді шара соңында сөз сөйлеген Жолшара Шамбулаев.
Іс-шараға қатысқан 8 жастағы Айсұлтан есімді бала да өз әсерімен бөлісті:
– Бүгін мен өте қуандым. Көп ойын ойнадым, өлең айттым, сыйлық алдым. Мұндай күндер көп болса екен!
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара – игі істердің бастауы ғана. Алдағы уақытта «Аэропорт» шағын ауданында тұрғын үй кіреберісінде шағын кітап бұрышы ашылып, балаларға арналған қоғамдық кітапхана ретінде жұмыс істейтін болады.
Бұл – оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған тағы бір пайдалы бастама.
Диана Алмасқызы
ҚӨУ студенті