Мемлекет басшысының 28 қазандағы Жолдауымен мұқият танысып, ондағы маңызды бастамаларды зерделеп шықтым. Еліміздің алдағы дамуына бағыт-бағдарына қатысты өзім үшін түйген ойларымды сіздермен бөліскім келеді.
Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыру жөніндегі Президент бастамасына ерекше мән бердім. Бұл, әсіресе, аймақтардағы тұрғындар үшін маңызды: әр өңірдің нақты қажеттілігіне сай мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандарын салу халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда ұсынылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы мен 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасының басты мәні – қалалар мен ауылдардың арасындағы даму алшақтығын азайту.
Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарына 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бағыттау көзделген. Тәжірибеме сүйеніп айтарым: әр жобаның құны негізді, құрылысы сапалы, жауапты ұйымдары белгілі болуы керек. Ұлттық қордың қаражаты ұзақ жыл қызмет ететін нысандарға айналып, келер ұрпақтың да игілігіне жарауы тиіс.
Жолдауда Арқалық әуежайы құрылысының аяқталғаны айтылды. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде әуежай қала тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.
Президенттің тұтас көлік желісін қалыптастыру міндеті, «Орталық–Батыс» дәлізінің де мәнін айқындай түседі. Енді осы істің тұраламай, сапалы аяқталуы елге қажет.
Ауыл шаруашылығын ұзақ мерзімге қаржыландыру жөніндегі тапсырманы да қолдаймын. Шаруа техникасын жаңартуды, өндірісін кеңейтуді бірнеше жылға жоспарлай алуы керек. Өнімді сақтау мен терең өңдеуді жолға қою, шағын қожалықтарға өткізу нарығын ашу ауылдағы еңбектің табысын арттырады. Ал су үнемдейтін технологияларды енгізу жердің өнімділігін көтеріп, табиғи қорымызды ұқыпты пайдалануға көмектеседі. Бұл мәселелер Торғай өңірі секілді аграрлы өңірлер үшін тікелей өзекті.
Кәсіпкерлікті қолдау туралы ұсыныстардың да өңірлерге берері мол. Орта бизнесті ұзақ мерзімге қаржыландыру, технологиялық жаңғыруына жағдай жасау, шағын кәсіпорындардың мемлекеттік сатып алуға қатысуын кеңейту жергілікті өндірісті нығайтады. Өз ісін жүргізіп, адамдарға жұмыс беріп отырған азаматқа түсінікті талап пен тұрақты ереже қажет. Тексерулерге мораторий енгізу жөніндегі ұсынысты талқылағанда кәсіпкердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беру және тұтынушының мүддесін қорғау қатар ескерілуі керек деп санаймын.
Жолдауда жоспарланған ауруханалар, перинаталды орталықтар, мектептер, спорт және мәдениет нысандары да халықтың күнделікті қажетіне қызмет етуі керек. Ауылдағы ананың дәрігерге дер кезінде жетуі, баланың жақсы мектепте оқып, спортпен айналысуы – дамудың адам өміріндегі нақты көрінісі.
Білім беру мәселесінде ұстаздың артық жүктемесін азайту туралы ойға қосыламын. Түрлі платформаға есеп енгізуге кеткен уақыт мұғалімнің сабаққа дайындалуына, әр баламен жеке жұмыс істеуіне жұмсалғаны жөн. Ұстаздың кәсіби беделін қорғау да күнделікті қарым-қатынастан басталады. Отбасы мен мектеп өзара түсіністікпен әрекет етіп, мұғалімнің еңбегін құрметтегенде баланың білім алуына да қолайлы орта қалыптасады.
Президент Жолдауда: «Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек», – деді. Сапалы жол, қуатты өндіріс, білімді әрі дені сау ұрпақ – сол аманаттың нақты мазмұны. Бүгін қабылданған шешімдердің құндылығы ертең елге берген игілігімен өлшенеді.
Берік Бейсенғалиев,
Экономика ғылымдарының докторы
