Биыл облыста 44 мың адам жұмыспен қамтылады

Биыл облыста 44 мың адам жұмыспен қамтылады

Халықты еңбекке тарту үшін облыста жұмыс орындарын ашу, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру күн тәртібінен түспейді. Бұл ретте түрлі мемлекеттік қолдау шарасына сүйенген абзал. Облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Гүлнар Әбенованың айтуынша, өткен жылы “Өңірлік жұмыспен қамту картасы” шеңберінде 47622 адам жұмысқа орналастырылған.

Оның ішінде  35,7 мың адам тұрақты жұмысқа тұрған. Мұның сыртында мемлекет жұмыссыз азаматтарға, жастарға, зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдарға субсидияланатын жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесіп келеді.

“Былтыр  субсидияланатын жұмыс орындарына 5072 адам, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 563 адам, жастар практикасына – 682 адам, қоғамдық жұмыстарға – 3142 адам, “Бірінші жұмыс орны” жобасын бойынша 271 адам,  “Ұрпақтар келісім-шартымен” – 34 адам, “Күміс жас” – 371 адам еңбекпен қамтылды. Бұл сандар алдын-ала жоспарланған межеден әлдеқайда көп. Біліктілігі жоқ жұмыссыз адамдарды нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту үшін  қысқа мерзімді оқыту  ұйымдастырылды. Мәселен, өткен жылы қысқа мерзімді курстарда 497 адам  білім алып,  тракторшы, аспаз, наубайшы, газ-электр дәнекерлеуші, шаштараз, тігінші және т. б. мамандықтарды меңгерді. Олардың  98,3% – ы  тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды”,– деді басқарма бастығы.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлік  негіздерін оқығысы келетіндерге  электрондық еңбек биржасы порталында “Бастау Бизнес” жобасы арқылы тегін оқудан өту мүмкіндігі беріледі. Өткен жылы  осы жоба шеңберінде  1714 адам кәсіпкерліктің қыр-сырына қанықты. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 400 АЕК  мөлшерінде өтеусіз гранттар берілді.  Мұндай грантты халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын   адамдар ғана  ала алады.

2023 жылы облыс бойынша барлығы 203 грант берілсе, оның 92-сі  көп балалы отбасыларға,  41 грант мүгедек адамдарға, 24 грант мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған адамдарға, 28 грант атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, 11 грант асыраушысынан айрылғандарға, 7 грант қоныс аударушыларға тиді. Мемлекеттің қолдауына ие болған жандардың басым бөлігі қызмет көрсету саласын жандандыруға үлес қосты. Жетпіс адам ауыл шаруашылығымен айналысады. Отыз үш адам сауда және қоғамдық тамақтандыру саласын таңдаған.

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға жәрдемдесу үшін  2023 жылдан бастап жылдық  үстемақысы 2,5% – бен 5 млн теңге  көлемінде жеңілдетілген  шағын несиелер беріледі. Өткен жылы бірінші транш шеңберінде Аграрлық-кредиттік корпорация  199 адамға 900 млн теңге  берді. Соңғы жылдары жастардың көбі мал шаруашылығын дамытуға ниет танытуы қуантады. Желтоқсан айының ортасында  облысқа екінші траншпен кредит беру үшін қосымша 250,0 млн теңге түсті. Осы қаражат есебіен  бүгінгі күні  қарыз алушыларға 240,1 млн. теңгедей  51 кредит берілді”, – дейді Гүлнар Әбенова.

Айтуынша, өңірде жұмыс орындарын ашу  мәселесіне көп көңіл бөлінген. Былтыр 24 мың жұмыс орны пайда болған.  соның арқасында 16538 адам тұрақты еңбекпен қамтылды.  Іске асырылып жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Биыл халықты жұмысқа орналастыруға, сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға жәрдемдесу, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шаралар жалғаспақ. Жалпы, 44 мың адамды қамту жоспарланып отыр.

“Халықты жұмыспен қамтуға бөлінген қаржы жыл сайын ұлғайып келеді.  2024 жылы бұл шараларды жүзеге асыруға 4,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда анағұрлым көп. Биыл барлық бағдарлама шеңберінде жиырма мыңдай жұмыс орны ашылады. Аудан және қала әкімдері мұны айрықша назарда ұстауы қажет. Әрине, жұмыс орындарының дені ірі инвестициялық жобалардың аясында жүзеге асады. Ауылдық жерлерде сүт-тауарлы фермаларын ашамыз. Оларға да қыруар жұмыс күші керек.  Мұның сыртында мемлекет тұрғындарға кәсіптерін  ашу үшін қолдау көрсетеді. Облыста биыл екінші жыл “Ауыл аманаты” жобасы  жұмыс істейді. Былтыр бағдарлама шеңберінде 1,6 млрд теңге берілсе, үстіміздегі жылы бұл соманы 3,8 млрд теңгеге ұлғайттық”, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Осы арқылы 580 жұмыс орнын ашу көзделген. Бағдарлама өз тиімділігін көрсетті. Соның арқасында қаншама ауыл азаматы өз табыстарын еселей түсті. Мәселен, Қостанай ауданындағы “Кәусар” жеке кәсіпкерлігі мал шаруашылығымен айналысуға 8,6 млн теңге несие алып,   оған он бес жылқы сатып алды. Әулиекөл ауданында “Сақауаова” жеке кәсіпкерлігі де 8,6 млн теңге несие алып,  қонақ үй бизнесін кеңейтіп алды. Мұндай мысалдар өңірде жеткілікті. Бұл жоба облыста атаулы әлеуметтік жәрдемақы алушылардың қатарын 45%-ға  азайтқан.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев

Жаңалықтармен бөлісу