2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болды. Оның себебін ҚР Вице-президенті, Комиссия төрағасы Ерлан Қарин түсініктеме берді.
Таяуда Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, егжей-тегжейлі талқылаулардан кейін биылша ешбір салаға жүлде бермеу туралы шешім шығарылған-ды. Бұл тосын жаңалық қоғам пікірін сан саққа жүгіртіп жатыр. Кейін осы шешім жөнінде Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасына жазба жариялады.
«Біріншіден, конкурсқа түскен үміткерлердің барлығын сыйлаймыз, құрметтейміз. Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Осының аражігін ажыратып алған дұрыс. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды. Екіншіден, бәріміз тәртіпке бағынуымыз қажет. Ұсынылған туындылардың барлығы дауысқа салынды. Бірақ дауыс беру қорытындысы бойынша бірде-бір жұмыс Комиссия мүшелерінің айқын басым дауысына ие бола алған жоқ. Керісінше, жұмыстарды қолдамағандар мен қалыс қалғандардың үлесі басым болды. Мысалы, 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыстардың жоқтығына байланысты берілген жоқ. Сондықтан конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек», – деп жазды ол.
Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, отырыстың соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек екені алға тартылған. Мемлекеттік сыйлық берудің талап-шарттарын қатаңдату – қажеттіліктен туындап отырған амал.
«Бұл пікірді кешелі бері желі қолданушылары да қолдап жазуда. Шынында да, мемлекеттік сыйлықты беру тәртібі қазіргі кезеңнің талаптарына сәйкес келмейді. Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сыйлық тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгіземіз», – деп толықтырды Комиссия төрағасы.
Оның дерегіне сүйенсек, 2000 жылдардан бері қарай есептесек, Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген екен.
«Демек, шығармашылық саланың осыншама өкіліне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді деген сөз. Оның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен мемлекеттік сыйлық иегерлеріне берілетін қаражат артты. Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт», – деп сөзін түйіндейді Ерлан Қарин.
Әлеуметтік желіде Комиссия төрағасының бұл жазбасын қос қолдай қолдап, қоштау пікірін жазып жатқандар да, биыл бәйгеге түсіп, мүмкіндіктен қағылған авторларға демеу сөз арнағандар да көп. Айта кетейік, биыл Әдебиет аталымының сыйлығына жерлес ақын ағамыз Серік Тұрғынбекұлы да үміткер болған еді…
